Жұма, 14 Қазан 2022 07:51

ТҮРКІСТАН КІТАПХАНАШЫЛАРЫНЫҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

Бүгін «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымы екі бірдей жетістікке жетіп отыр. 13-14 қазан күндері Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Қазақстандық Кітапханалық Одақ» ұйымының отырысы өтіп жатыр. Мұнда облыстық кітапхана директоры Жанат Шардарбековаға «Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы Бақытжамал Оспанова «Жыл кітапханашысы – 2022» атағымен марапаттады. Бұл мәртебе еліміз бойынша 20 мыңға жуық кітапханашының арасынан жылына тек бір кітапханашыға беріледі.

– Жыл сайын Одақтың кезекті отырысы ұйымдастырылып, түрлі мәселелер талқыланады. Биылғы жиында ҚР Мәдениет туралы Заңының 24-ші бабы – кітапхана ісі бойынша өзгеріс енгізу туралы қарастырылып, кітапханашылар өз ұсыныстарын білдірді. Әрі қарай Заң жобасы Парлаентке ұсынылатын болады. Аталмыш номинацияға лайықты деп таныған басшылыққа алғысым шексіз. Бұл арқылы үлкен жауапкершілік, таудай сенім артылды. Бұл – Түркістан облысындағы 395 кітапхананың бірлесе атқарған еңбегінің нәтижесі, – деді Жанат Сәдібекқызы.

Сондай-ақ Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Ерекше кітаптар әлемі» жобасы аясындағы «Кеңістікте бағдарлау» республикалық байқауында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы III орынға ие болып, арнайы дипломмен марапатталды. Екі ай көлемінде зағип, көзі нашар көретін балаларға арналған тактильді кітаптарды кітапхана қызметкерлері Алия Жұмабек пен Дана Байдәулетова, Сұлтанбекова Айнұр өз қолымен тіккен болатын.

Айта кетейік, халықтың рухани игілігі үшін еліміздің кітапхана ісін нығайту жолында күш-жігерін аямай еңбек етіп жүрген руханият шырақшылары жақын күндері кәсіби мерекелерін тойлауы мүмкін. Яғни, елімізде 24 қазан –Кітапханашылар күнін атап өту жоспарлануда.

Оқылды 304 рет