А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында «Ел болашағы – кітап оқитын ұлт» атты іс-шара өтті. ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Шымкент қаласының жас жазушылары, әдебиет сүйер қауымымен жүздесіп, еркін форматта әңгімелесті.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Серпер» сыйлығының лауреаты М.Отарбаев қазіргі жаһандану дәуірінде саналы ұрпақ тәрбиелеу, жастарды кітап оқуға ынталандыру, қоғамдық сананы дамыту бағытында өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.
– Қазіргі бәсекелестік заманында жастардың нақты мақсаты болуы тиіс. Жастар қазір кітаптан алыстап барады. Керісінше, біз кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Кітап оқыған жастар, азаматтар өз ұлтын сүйеді. Өмірге деген құштарлығы артады. Интеллектіміз өскенде біздің тұрмысымыз түзеліп, өндірісіміз де дамиды, – деді М.Отарбаев.
Еркін форматта өткен кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы міндеттер, оны іске асырудың тетіктері айтылды. Зиялы қауым өкілдері, жас оқырмандар әдебиетті дамыту мәселелері, кітап оқуға қызықтыру, кітапты жарнамалау бойынша өз сауалдарын қойды.
Айта кетейік, Шымшаһарда 240 мыңнан астам жас бар. Жоғарғы және арнаулы оқу орындарында 10 мың студент білім алуда. Кәсіпкерлікті дамыту аясында 18 мың жасты жұмыспен қамту көзделуде. Кеңес отырысының қорытындысында қала әкім жастармен айына бір рет кездесіп отыратын болып шешім қабылданды. Шымкентте 4 ауданның жастары 4 блогқа бөлініп, олармен «Жастар ресурстық орталығында» тұрақты кездесулер өтіп тұрады.
Естеріңізге сала кетсек, 1 қыркүйек 2022 жылы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев халыққа өз Жолдауын жолдады. Онда жастар мәселесі де назардан тыс қалмады. Яғни жастардың сапалы білім алуы мен қолайлы жағдай қарастыру айтылды.