Тұрақты тіркеске айналып кеткен, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген тәмсілде терең мағына жатыр десек болады. Өйткені педагогикалық тәрбиеде басты рөлде міндетті түрде ұстаздың өзі жүреді. Демек, ұстаздық жан-жақты білімді, өз саласының кәсібін сүйетін, құрметтейтін жан болғаны жөн. Міне, осындай жанның бірі де бірегейі ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, аудандағы оқушы ақындар мектебінің негізін салушы, жақында ғана 60 жасқа толған Жұмагүл Нәлібаева десек болады. Өзінің 40 жылдық ұстаздық еңбек өтілінде жүздеген талантты шәкірттерді өсірген ұлағатты ұстазға аудан әкімдігі, мәдениет бөлімі және аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімдері құрмет көрсетіп, аудандық мәдениет сарайында 60 жылдық кешін өткізді. Оған ауданнан, облыстан, Алматы және Астана қалаларынан көптеген шәкірттері мерейтойға келіп қатысты. Аталмыш шараға арнайы қатысқан аудан әкімі С.Сұлтанханов мерекелік 60 жас мерейтоймен және 25-қазан Республика күні мерекесімен құттықтай келе: «Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр.
Әл-Фараби бабамыз «Бір әріп үйреткен ұстазға қырық жыл қызмет қылсаң да артық емес» деп оныншы ғасырда ақ бәрін айтып кеткен. Сіз өз мерейтойыңызға лайықты да қошеметтеуге тұрар жетістіктермен келіп отырсыз. Өз еңбек жолыңызда талай белеске шығып, елдің құрметіне бөлендіңіз. Таңдаған жолыңызды абыроймен жалғастырып келе жатқан тамаша азаматтарды тәрбиелеп, өсірдіңіз! Бүгінгі мерейтойыңызда Сізге және туыстарыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыстар мен өмірдің асқақ абыройын тілеймін!»-деп ыстық алғысын білдірді. Ал, есімдері елге танымал айтыс ақындары Д.Ақсақалов пен Д.Полатбаевтар әзіл-сықаққа, сынға толы әдемі айтыс көрсетіп, қалың көрермендердің ризашылығына бөленді.
Ия, «Шәкіртсіз ұстаз–тұл» демекші Ж.Нәлібаеваның М.Есжанова, А.Асанова, А.Маханов, М.Маханов, Д.Жаргөбенова, Н.Бөрібаев, М.Құрманәлиева, С.Сейітман секілді шәкірттері берісі облыс, республикаға танымал. Ақынын іздеген әкімнің елі бақытты дейді Шығыс өсиеті. Ол жағынан аудан басшыларының атқарып жатқан тірліктері көкейге қонымды, тәрбиелік мәні зор деп білеміз. Елімізге танымал айтыс ақыны Анар Жаппарқұлова әдемі басқарған жиын соңы көңілді концертке ұласты.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Жұмагүл Нәлібаева өнегелі өмір жолында талай ақын шәкірт даярлады. Әрбір оқушыны өз мамандығының шебері болуға жетеледі. Мықты маман ғана емес, жақсы азамат болуы үшін де аянбай тер төкті. Отырар ауданындағы әрбір әдеби-мәдени іс-шаралардың жанында жүзінен нұры төгілген ақжарқын апайымызды кездестіреміз. Маржан Есжанова, Айгүл Асанова, Абай Маханов, Мұхтар Маханов, Дина Жаргөбенова, Ниятолла Бөрібаев, Мейрамкүл Құрманәлиева, Серік Сейітман сияқты ұлтжанды ақын, журналист ұл-қыздардың нағыз азамат болып қалыптасуына сіңірген еңбегі айрықша. Қазақтың айтыс өнерінің аспанында жарқ етіп жанып, жалт еткен Гүлнұр Садыбаева сынды қызғалдақ ақын қыздың есімін өшірмеу үшін де талай сауапты іс-шараларды атқарып келеді. Өзінің өскен-өнген жерінде жыл сайын еске алып, өлеңдерін жас жеткіншектерге жаттатқызып, Гүлнұр Садыбаева атындағы ақындар айтысын, жазба ақындардың мүшәйрасын ұйымдастыруды да дәстүрге айналдырды.
Жұмагүл Нәлібаеваның жүрегін жарып шыққан өлеңдерінің өзі бір төбе. Ол кісі аз болса да саз жазады, өлеңнің санына ғана емес, сапасына баса назар аударады. «Балбұлақ», «Сен аман бол, бауырым», «Сіңлілеріме», «Адуын ене», «Әкімге», «Құт мекенім – Отырар», «Біздің ауыл» деп аталатын өлеңдерін оқи отырып, әдемі бір сезімге бөленгенімізді айта кеткіміз келеді. Ақын, ибалы келін, аяулы жар, ардақты ана, бұл күнде немерелерінің әжесіне айналған Жұмагүл Нәлібаева саналы ғұмырын бала оқытуға арнаған ұлағатты ұстаз. Жай ғана қатардағы мұғалім емес, әрбір оқушыны жеке тұлға деп қабылдайтын, талай бұлақтың көзін ашқан, бұл күнде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі қызмет атқарып жүрген ел азаматтарының сүйікті тәлімгері.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»