Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Республика күнінің» жаңа ұлттық мереке ретінде қоғамдағы тарихи мәртебесін көтеру мақсатында жатақхана тәрбиешілерінің ұйымдастыруымен «Өз елім менің - өзегім менің!» атты мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты кешті оқушылар «Көлеңкелі театр» желісі негізінде «Тәуелсіздік баспалдағы» атты қойылымнан бастады. Қойылым ызғарлы «Желтоқсан оқиғасынан» бастау алып, өтпелі кезең қиыншылықтарына төтеп берген қазақ елінің жай - күйін көрсетті. Сондай-ақ, тәуелсіздік жетістіктері кезең-кезеңімен көрсетілді.
Оқушылар түрлі аспаптарда ойнап, патриоттық әндерімен көрермендердің көңілін көтерді. Домбыраның құлағында ойнаған қыздар Құрманғазының күйлерін тартып, құлақ құрышын қандырды.
Жас ақындарымыз тәуелсіз елдің тарихын өз өлеңдеріне қосып, бояуы кеуіп үлгермеген жырларын шашу етті. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.С.Бейсенова ұстаздар мен оқушыларды атаулы мерекемен құттықтап, Қазақстанды болашаққа бастап барар жалынды жастар, зияткер оқушылар екенін тілге тиек етті.