Сейсенбі, 25 Қазан 2022 16:20

Отырар: Темір ауылында Республика күніне орай «Жайдарман» сайысы өтті

Отырар ауданы Темір ауылдық мәдениет сарайында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі және Темір мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «25 қазан Республика күні» мерекесіне орай «Жайдарман 1/4» сайысының финалдық ойыны өтті.

Көңілді тапқырлар сайысына А.Дәрібаев атындағы жалпы орта мектебінен «Болашақ jastars», Көкмардан жалпы орта мектебінен «Көкмардан құрамасы», Темір жалпы орта мектебінен «Ханшайым», «Ню-Жастары», С.Әшіров атындағы жалпы орта мектебінен «Бөлекпіз», Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының «Шәмші құрамасы», Т.Ибрагимов атындағы жалпы орта мектебінен «Тамаша шоу», Д.Құрманбек атындағы №20 – колледждің «Триллион» және Жамбыл атындағы мектеп лицейінен «Отырар ұландары» командалары өзара жарысқа түсті.

Жиынға арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбай көрермендерді қасиетті мерекемен құттықтап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, көңілді кеште елімізге белгілі айтыскер ақын Дәурен Ақсақалов, Жастар ресурстық орталығының әдіскері, мәслихат депутаты Мереке Тәңірбергенова, аудандық мәдениет сарайының актёрі Мұхамеджан Нәлмішов және «Отырар алқабы» газетінің директоры Азат Әмірбектер қазылық етіп, сайыс соңында пікірлерін білдіріп, келесі кезеңге өткен командаларға сертификат тапсырды.

Жарыста ойыншылар қоғамда болып жатқан жағымды жаңалықтар мен ерсі қылықтары арқылы өздерінің әзіл-шыны аралас көріністерімен айшықтап, көрермендер көңілінен шығуға тырысты. Қастерлі мереке күніне орай ұйымдастырылған жайдарман сайысының қорытындысы бойынша С.Әшіров атындағы жалпы орта мектебінен «Бөлекпіз» және Д.Құрманбек атындағы №20 – колледждің «Триллион» командалары 1/2 финалдық кезеңіне өте алмады. Қалған 7 команда келесі кезеңге өтті. Бұдан бөлек, ойыншылар арасынан ерекше өнерімен көзге түскен Оңалбек Олжас «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды. Көңілді кеш соңында жайдарманшылар естелік үшін суретке түсті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жыл басында Тәуелсіздік алған күн мен Республика күнінің ара-жігін ажыратып, 25-қазанды «Республика күні», ұлттық мереке ретінде бекітті. Нақтырақ айтқанда, 13 жылдан кейін бұл мереке алғаш рет тойланайын деп отыр. Біріншіден, 1990 жылы 25-қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз Тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Осыдан кейін «Республика күні еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» деген ұран пайда болды. Екіншіден, қабылданған Декларацияда алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Үшіншіден, құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі жарияланды. Одан бөлек, мемлекетке ішкі әскер, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығы берілді. Ал Президент Мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16-желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданғаны бәрімізге белгілі. Төртіншіден, Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Бесіншіден, бұл – тарихи және өте маңызды шешім болды. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізеді деген сенім бар.

Қазақ қашаннан тәуелсіздікті текті ұғым деген. Бұл – кешегі ел үшін егеулі найза қолға алып, ұлтарақтай жер үшін ат үстінен түспеген батыр бабалардан қалған жәдігер сөз. Біз – ғасырлар бойы азаттықты аңсап, еркіндікке қолы жеткізуге ұмтылған, арман-мұраты тең өріліп, тай қазаны ортаймаған қазақ деген байтақ ел, дана халықпыз. Міне, сол бақыт бастауы жеке мемлекет болу емес пе еді. Демек, Республика күні тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры болуы керек.  «Біз әлі күнге дейін тарихымызды түгендей алмай жүрміз. Мәңгілік ел болу үшін алдымен өткенімізге қайта үңіліп, өрлік істерімізді паш ету керекпіз. Сонда ғана жастарымыздың бойына болмыс ұялайды. Яғни, болмысты ұрпақ қана ертеңінен үміт іздейді, еліне сенеді. Бір адамның төңірегінде жазылатын тарихтан арылғанымыз абзал. Жаңа Қазақстанның жаңа идеологиясын жасап, жасапмаз ұрпаққа бағыт-бағдар көрсету ләзім. Сонда ғана кемелді елдің көкжиегіне көз тіге аламыз»,- дейді Тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов. Қазір түтіні түзу ұшқан елдердің көбі заман талабына сай жаңа технологиялық дамудың жалына жармасқан. Демек, өзіндік саяси бағыт-бағдары, үдемелі үдерісі бар Қазақстанға да бұл жол жат емес. Бүгінде еліміз индустриалды-инновциялық дамудың дербес даңғылын таңдап, жеделдетілген бағытын қолға алған. Яғни, экономиканың қуатын күшейтіп, тамырын тереңдету үшін заманауи талапқа сай өнімді күштердің жаңа құрылымын жасап жатыр. Өйткені экономикалық мүддеге сүйенген елдің келешегі кемел. Ол, әрине, әлемдік экономикадағы еншімізді еселеп, даму бағытын ширату. Отандық тауарды өткізу аясын да жыл сайын кеңіп келді. Осының бәрі елдігіміздің арқасы. Мемлекет болып қалыптасуымыздың жемісі.      

Айта кетейік, Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған. Алайда 2009 жылы алынып тасталып, 2022 жылдың 16-шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, «25-қазан Республика күні» – ұлттық мерекеге, ал «16-желтоқсан Тәуелсіздік күні» – мемлекеттік мерекеге айналды. Бұл – тәуелсіздік күнін «еске алу», «қазалы күн» деген тіркестермен халық санасына сіңіру болып тұр. Биыл бәрі өзгермек. Әр мерекеге тарихи баға беріліп, халық санасына қозғау салатындай бағдар көрсетілді. 13 жылдан кейін оралған Республика күні бәрімізге құтты болсын!

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 459 рет