Бейсенбі, 13 Қазан 2022 18:52

ЖАНАРЛАРДЫ ЖАУЛАҒАН ЖАЙДАРМАН— ШЫМКЕНТТЕ

Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының концерт залында «Жайдарман-2022» маусымашары өтті. Фестивальге еркін құрама командадан жасақталған 15 топ өнер көрсетті.

Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы және Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен Жайдарман ойындарының мақсаты — жасөспірімдердің бастамаларына қолдау көрсетіп, достық қарым-қатынасын нығайту. Оларды ізденіске үйретіп, шығармашылығын шыңдау.

Қазылар алқасының құрамында танымал әзілкеш Қабдол Тілеков, Оңтүстік өңірінің мақтанышы, әлем чемпионы Біржан Жақып, Әзіл әлемі театрының белгілі актеры Медет Досқанаев, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Мұрат Жолдықожаев және Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманбек Орынбек болды.

— Жайдарман ойнау оңай емес. Бұл ойын көп ізденіс пен еңбекті қажет етеді. Дегенмен, қазіргі жайдарманшылар бізге қарағанда бақытты. Себебі оларға барлық жағдай қарастырылған, тек дайындықпен келсе болғаны. Бірінші рет өнер көрсетіп жатқан командалардың әзілдері өтімді болды және олардың бойынан мықтылықты байқадым. Келешекте биік шыңдарды бағындырары көрініп тұр, -деді Медет Досқанаев.

Бұл жолғы маусымашар сахна төріне алғаш қадам басқан жас жайдарманшылардың тұсаукесері болды. Олар қоғамда орын алған өзекті мәселелерді әзіл-қалжыңмен жеткізіп, көрермен көңілінен орын таба білді.

— Жайдарман ұзақ үзілістен кейін сахнаны қайта жандандырды. Маусымашар –жайдарманшылар үшін үлкен мереке болғандықтан, олардың жүзінен қуанышты байқадым. Бүгінгі ойында барлығы жақсы ойын көрсетті. Болашақта да жергілікті өңірдің командалары барша көрермендерді өзінің өткір әзілдерімен қуантады деген үміттемін,-деді Заманбек Орынбеков.

Күлкі мен әзілге толы болған ойынның қорытындысы бойынша бүгінгі маусымашарда өнер көрсеткен барлық команда келесі кезеңге өтті.

19 қазан күні «Жайдарман» ойынының 1/4 кезеңі өтетін болады. Командалар өз жанкүйерлерін "Жайдарманның" жайдарлы сайысында күтеді.

 

Оқылды 275 рет