Сейсенбі, 09 Мамыр 2023 22:18

Шымкенттіктер үшін ерекше әсерге толы қойылым сахыналанды

Шымкент қаласында 9 мамыр — Жеңіс күнін тойлау Әл-Фараби алаңында жалғасын тапты. Кешкі сағат 20:00-де қала тұрғындары мен қонақтары ашық аспан астында Ә.Нұрпейісовтың «Күткен күн» роман желісімен сахналанған қойылымды тамашалады. Шымкенттіктерге мерекелік спектакль-концертті Айгүл Иманбаева жетекшілік еткен өнер ұжымы «А.И.» театры ұсынды.

Оқиға желісі 1941 жылы соғыс өртінің тұтануынан бастау алған. Мектеп табалдырығынан үлкен өмірге қадам басқан мектеп түлектерінің қуанышты сәтінде соғыс басталғаны туралы суық хабар келеді. Қойылымда халықтың сол сәттегі тұрмысы, жастардың патриоттық рухы көрсетіледі.

Ананың балаға жазған хаты көрерменді елжіретіп, көзіне жас үйірсе, майдандағы әкесін сағынған бала, жарына сезім мен үмітке толы хатын жолдаған келіншектер, жалындаған жас боздақтардың соғысқа үлкен жігермен аттанған көріністері, бәрі-бәрі халықтың зор қошеметіне бөленді.

Автордың өзі оқиғаның ішінде болып, «Курляндия оқиғасы» деген очерк жазбақ болады. Ә.Нұрпейісовтың жазушылық жолы да осы оқиғадан бастау алған екен. Авторлық идеясын жүзеге асыру үстінде шығармашылық ой өзегі үнемі өзгеріп, очерк көлемді әңгімеге, әңгіме повеске, повесть қалың романға айналып, әуелі «Курляндия» боп жарық көрді де, кейін «Күткен күн» деген атпен бастан-аяқ қайта жазылды.

Қойылымның барысы тек мұңды оқиғалардан құралды деуге келмес. Спектакль-концерт бағдарламасында көңілді әуендер де орындалды. Мерекелік кеште ҚР халық әртісі Роза Рымбаева, әнші Маржан Арапбаева, Айгүл Иманбаева әннен шашу шашты.

Басты рөлдерді Мәдениет саласының үздігі Бағлан Иманғалиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүлжамал Қазақбаева сомдаса, «А.И.» театрының актерлері Еркебұлан Есіркеп, Анэль Төлегенова, Әмірхан Оразбақ, Ақбота Шойнбектер өз өнерімен көпшілікті тәнті етті.

 

Оқылды 389 рет