ШЫМКЕНТ: «ТАЗА СӨЙЛЕУ ДЕ ТАЗАЛЫҚҚА ЖАТАДЫ»

«Таза сөйлеу де тазалыққа жатады. Бүгінде өзге сала мамандарын есепке алмағанда, БАҚ өкілдері, тіл мамандарының арасында әңгімесін «Мен ойлаймын...» деп бастайтындар көбейіп барады. Тіл тазалығы сақталмайды. Дүниежүзінде ана тілінен айырылған ұлттар мен ұлыстар көп. Мәселен, Аргентина мен Мексика испан тілінде сөйлейді. Аргентиналықтарға зерттеу жүргізгенде олардың байырғы тілін тұрғылықты халықтың 1,6 пайызы ғана білетін болып шыққан». Бұл туралы Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығының 25 жылдық мерейтойына арналған «Тіл тағдыры — ел тағдыры» конференциясында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Нұрсәуле Мақсұтқызы мәлімдеді.

Ширек ғасырда Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығы отыз мыңға жуық азаматқа тіл үйретіп, біліктілігін шыңдаған.

— Орталық 1997 жылы қаңтар айында Шымкент қаласы әкімінің шешімімен мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығы ретінде жұмысын бастаған. Бұл сол жылдары елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту мақсатында құрылған тұңғыш орталық болатын. Осы жылдар ішінде Шымкентте 27 339 тіл үйренуші арнайы курстан өтті. Олардың қатарында білім, денсаулық, әділет және құқық қорғау, ауыл шаруашылығы, қаржы, энергетика салаларының мамандары бар. Бүгінде орталық мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне, тұрғындарға қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытып, үйретумен айналысады. Үш тілді жетік меңгерген мамандарды ынталандыру мақсатында түрлі байқаулар мен сайыстар, басқосулар, шеберлік сағаттарын ұйымдастырып тұрамыз, - дейді Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығының директоры Гүлмира Жанысбекова.

Салтанатты жиында орталықтың іргетасын қалаған тіл мамандары мен зиялы қауым өкілдері құттықтау лебіздерін білдірді. Ал, конференция қонақтары — Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл– қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басқарма басшысы Ж.Искакова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Н.Рсалиева мен Қызылорда облысының тілдерді дамыту орталығының директоры М.Дәулетбаева тіл үйретудің әдістемесі, тілдегі өзгерістер мен мемлекеттік тіл тақырыптарында кеңінен баяндама жасап, сала мамандарымен пікір алмасты.

— Жойылып, жұтылып кететін тілдердің алғашқы белгілерінің бірі — үстем тілдердің сөз тіркесін ауызекі сөйлегенде жиі қолдану. Ал, ең соңғы белгісі — өзінің ана тілінде сөйлеуге арланатын, намыстанатын азаматтар пайда болады. Біз қазақ тілі жұтылып кетпеуі үшін тіл тазалығын сақтауымыз керек. Таза сөйлеу де тазалыққа жатады. Мәселен, Ресейде тереңдетілген түсіндірме сөздігі жинақталып, сонда «ё» әрпін «е» әрпімен бірге таңбалап жіберіпті. Сол кезде тілімізге зияны тиді деп, Ресейдің Ульяновск қаласында «Ё» әрпіне құлпытас қойып, жоқтау салған. Біз ана тілімізді сақтау үшін бір әріп түгілі таңбамызды жоғалтпауымыз қажет, - деді Нұрсәуле Мақсұтқызы.

Тіл мамандары бүгінде қате қолданылып жүрген сөз тіркестері мен сөздердің калька аудармаларынан мысал келтіре отырып, тіл тазалығын сақтауға үндеді. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін, ал қазақ азаматтарына орыс, ағылшын тілдерін оқытудың тиімді әдісімен бөлісті.

ШЫМКЕНТТЕ “ЭТНО ШЫМКЕНТ” ФЕСТИВАЛІ ӨТУДЕ

Шымкент қаласының туристік әлеуетін арттыру үшін Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «Shym Qala» этно ауылында «Этно Шымкент» фестивалі өтуде. 

Фестиваль аясында алдымен «Ұлы Жібек жолы» керуені жүріп өтіп, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі мен жергілікті өнерпаздар ұлттық нақыштағы әндерден шашу шашты. «Tary», «Jeti tandyr», «Bro Shashlyk», «MaxPLOV» - келушілерге ұлттық және шығыс тағамдары дайындалды. Одан өзге, ұлттық киімдер көрсетілімі, ұлттық тағамдардың әзірлену жолы көрсетілді. Қаланың жергілікті қолөнершілері, театр әртістері мен суретшілері де өз жұмыстарын ұсынып отыр.

Іс шараның мақсаты - қала тұрғындары мен қонақтарына тарихи деректерге сүйене отырып, «Жібек жолы» бойындағы көне Шымкент қаласының атмосферасын, тұрмыс-салтын көрсету. 

Іс-шара барысында қолөнер, кәдесый бұйымдарын жасау, ұлттық тағамдар бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, кешкі уақытта от, барабан және лазерлік шоудың ұмытылмас қойылымы болады. Сондай-ақ "Тұран" этнофольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасын тамашалауға болады. 

“Алдағы уақытта да қаламыздың терең тарихы мен мәдениетімізді ұштастыра көрсететін осындай игі шараларды дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл іс-шара арқылы біз қаламыздың танымалдылығын арттырып, әрі халыққа есте қаларлықтай әсер сыйлауды ниет етті”,- деді басқарма басшысы Е.Қыдыров.

Жалпы, бүгінде Шымкенттің тарихи, мәдени орындарына саяхаттау мақсатында түрлі туристік маршруттар әзірленіп, олар жайлы ақпарат беретін гид-экскурсоводтар қызметі ұйымдастырылған және туристік автобустар жолға қойылған. 

Соңғы 9 айда экспресс көрсеткіш бойынша Шымкент қаласына 350 мыңға жуық адам турист келсе, оның 25 мыңнан астамы шетелдіктер. 

Ұйымдастырушылар осындай іс шараларды көптеп ұйымдастырудың арқасында шаһарға келушілердің санын 400 мыңға жеткіземіз деп отыр.

 

Сауран ауданында Республика күніне орай «өнерім самғаған – Қазақстан» атты мерекелік шара өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек деп Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында айтқан болатын. 1990 жылы өткен Қазақ ССР-нің Президентінің сайлауы Алаш жұртының тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізді десек қателеспейміз. Яғни, 1991 жылы 25 қазанда Егемендік туралы декларация қабылданса, сол жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Әлем картасында Тәуелсіз ел ретінде орын алды.

Саурандық өрен «Сен талантсың!» байқауында жеңімпаздар қатарынан көрінді

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен «Сен талантсың!» атты шығармашылық кеш байқауына Сауран ауданының атынан өзінің ерекше талантымен (робототехника) Жұмаділлә Қажыакбар Нұриллаұлы жеңіс тұғырынан көрінді!

ШЫМКЕНТ: «БІЗ ЖҰЛДЫЗ БОЛЫП ЖАНАМЫЗ» АТТЫ КОНЦЕРТ ӨТТІ

Мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен шығармашылық кеш өтті. Шарада талантымен танылған өнерпаздар түрлі қолөнер туындыларын ұсынып, ән-биден шашу шашты.

Шымкентте қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы және «Халқыма тағзым» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Жастар ресурстық орталығында мүмкіндігі шектеулі талантты жастардың арасында шығармашылық кеш өтті. Кеш аясында келушілер жас қолөнер шеберлерінің көрмесін де тамашалады.

Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жастарға кедергісіз орта қалыптастыру, өмір сүру сапасын арттыру және өмірдің барлық салаларында қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу.

Жалпы осыған дейін аталмыш іс-шаралар кешені аясында жастарға арналған арнайы мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлікті меңгеру бойынша курстар, қаланың көрікті жерлері мен мәдени мұражайларға экскурсия жасау, үстел теннисі және шахматтан турнир және жас қолөнер шеберлерінің көрмесі өткізілген болатын.

Бүгін осы іс-шаралар қорытындыланып, жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар марапатталды.

Жиында сөз алған Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов еліміздегі азаматтарды мүмкіндігі шектеулі деп бөлмей, барлығына бірдей қолдау көрсетілетінін атап өтті.

– Шымкент қаласында жастардың сапалы білім алуына, шығармашылықпен айналысып, мүмкіндіктерін толық ашуына барынша жағдай жасалып келеді. Өнер-білімге жаны құштар жастардың қоғамдық өмірге белсене араласуына осындай іс-шаралардың тигізер көмегі көп. Сонымен қатар, риясыз көңілмен өнерлерін паш еткен ерекше жастарға ризашылығымды білдіремін, - деді МұратжанШотанов.

Ал ерекше жас шеберлердің қолынан шыққан көрмеге қойылған бұйымдар көпшілікті тәнті етті. Кеш соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

ШЫМКЕНТТЕ «ЧАК-ЧАК БАЙРАМЫ» ӨТТІ

Шымкент қаласының татар-башқұрт этномәдени бірлестігі Республика күніне орай «Чак-чак байрамы» мерекесін атап өтті. Татар ұлтының ең тәтті мерекесі аталып кеткен жиынға татар-башқұрт, өзбек, корей және өзге этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Татар шығармашылық ұжымының орындауында халық әндері шырқалып, чак-чак мерекесінің басты тағамынан көрме жасақталып, әдет-ғұрыптары көрсетілді. Мерекелік басқосуда қалалық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов жиылған қауымды Республика күнімен құттықтап, елдің ішкі бейбітшілігін сақтауға үлес қосып отырған этномәдени бірлестіктерге алғысын жеткізді.

–Күні кеше 25 қазан – Республика күнін тойладық. Сіздерді Ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде Шымкент қаласында 10 мыңнан астам татар-башқұрт этносының өкілі бар. Саны жағынан қаладағы ірі 5 этностың құрамына кіреді. Өз болашағын Қазақстанмен байланыстырған татар-башқұрт этномәдени бірлестігі қоғамдық келісімді сақтау саясатын іске асыруға сүбелі үлес қосып келеді. Ал, бүгінгі татар ұлтының тәтті мерекесі аталатын «Чақ-чак байрамы» қаламызда жыл сайын ұйымдастырылады. Дастарханнан ерекше орын алатын бұл тағамды үлестіру арқылы этномәдени бірлестік өздерінің достық қарым-қатынасы мен ыстық ықыласын білдіреді. Бүгінгі мереке соның бір айғағы, - деді Ербол Сүлейменұлы.

Шымкент қаласының қоғамдық-саяси дамуына үлес қосып жүрген татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің бірқатар белсенді мүшесіне қала әкімі мен ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы және «Қоғамдық келісім» КММ тарапынан алғыс хаттар табысталды.

Одан кейін, шығармашылық ұжымдар әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылып, татар ұлтының тарихы жөнінде деректі фильм көрсетілді.

 

Отырар: Темір ауылында Республика күніне орай «Жайдарман» сайысы өтті

Отырар ауданы Темір ауылдық мәдениет сарайында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі және Темір мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «25 қазан Республика күні» мерекесіне орай «Жайдарман 1/4» сайысының финалдық ойыны өтті.