Түркістан: "Дәуірдің дара тұлғасы" тақырыбында әдеби сазды кеш өтті

Түркістан қалалық орталық кітапхана мен Сәкен Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебінің ұйымдастыруымен жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай "Дәуірдің дара тұлғасы" атты әдеби сазды кеш өтті. Кештің мақсаты оқырмандарды жазушы Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармаларын кеңінен таныстыру, жастарды кітап оқуғп, адамгершілікке, Отансүйгіштікке тәрбиелеу. тКеш барысы оқушылар жазушы Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман - эпопеясынан көрініс көрсетсе, 6-7 сынып оқушылары жазушыға деген өз арнауларын мәнерлеп оқып берді. Т Кеш соңында оқырмандар Түркістан қалалық орталық кітапхананың "Әдебиет - халықтың рухани байлығы" атты тақырыпта кітап көрмесімен танысты. Кеш өте әсерлі өтті. Мұхтар Омарханұлы Әуезов – көрнекті қазақ жазушысы, драматург және ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің Ғылым Академиясының академигі (1946), еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолы 1917 жылы екі ғашықтың трагедиялық тағдырын жыр еткен «Еңлік-Кебек» атты пьесаны жазудан басталды.

 Ол «Кінәмшіл бойжеткен», «Жетім», «Кім кінәлі?», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек» атты әңгіме-повестері, «Қилы заман» романы, «Тас қауырсыны», «Алма бағында» сынды қазақ феодалдық қоғамының өткір мәселелерін ашатын пьесаларының, қазақ және қырғыз әдебиеті мен фольклорының тарихы бойынша монографиялық зерттеулердің авторы.

Жазушының бүкіл шығармашылық жолының шарықтау шегі болып табылатын «Абай жолы» атты төрт томдық романы оның әлемдік деңгейде танылуына зор септігін тигізді. Бұл шығарма әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, «Әлем әдебиеті кітапханасына» енді.

1945 жылы, Абайдың 100 жылдығы аясында М.Әуезов «Абай» операсының либреттосын, «Абай әндері» көркем фильмінің сценарийін жазды. 1949 жылы эпопеяның алғашқы кітабы – «Абай» романы КСРО Мемлекеттік сыйлығымен марапатталып, 1959 жылы «Абай жолы» кітабы Лениндік сыйлыққа ие болды.

Сонымен қатар, М.Әуезовтің әңгімесі негізінде 1973 жылы Т.Океев режиссері түсірген «Көксерек» фильмі КСРО-дан «Оскар» сыйлығына ұсынылды.

Мұхтар Әуезов өзінің шығармашылық еңбектерімен қазақ стилін қалыптастырған өзіндік мектептің қалыптасуы мен дамуына ықпал еткен алғашқы әдебиетші болды. Оның арқасында Н. Гогольдің «Ревизор», У.Шекспирдің «Асауға тұсау», К.Треневтің «Любовь Яровая» пьесалары сияқты классикалық әлемдік әдебиеттің жауһарлары қазақ тіліне аударылып, жұртшылыққа қолжетімді болды. М. Әуезовтің шығармалары бірнеше рет қайта басылып, әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Мұхтар Әуезовтің есімімен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің әдебиет және өнер институты, Қазақ академиялық драма театры, Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей қалаларындағы көшелер мен мектептер аталды. Жазушыға республиканың барлық өңірлерінде ескерткіштер орнатылған. Қазақ телевизиясы ұлы жазушы туралы 12 сериялы деректі фильм түсірді (авторы Ә.Тойбаева).

 М.Әуезовтің туғанына 100 жыл толуы ЮНЕСКО шешімімен 1997 жылы дүние жүзінде аталып өтті.

Биыл М. Әуезовтің 125 жылдығы аясында 500-ден астам, оның ішінде халықаралық деңгейде 50-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда.

 

ШЫМКЕНТ: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ- ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ТІРЕГІ ФОРУМЫ ӨТТІ

Шымкентте Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Мемлекеттік тіл – менің тілім» форумы өтті. Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырған форум тақырыбына Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы арқау болды. Модератор М.Әуезов атындағы ОҚУ «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының бас маманы Әзімхан Исабек сөз сөйлеп, форум қатысушыларына сәттілік тіледі.

Тіл- ұлттың аса ұлы игілігі әрі ажырамас бөлігі. Тәуелсіздік алып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс аясы кеңейе түсті. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай міндет емес. Себебі ол тіл, мемлекет иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Яғни, өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс-қағаздар тағы басқа салаларда қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуы қажет. Ал, қазіргі қоғамдағы қазақ тілі осындай мұқтаждықтарды өтей алып жүр ме? Бұл мәселе тұрғысында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық оратылығының атқарушы директорының орынбасары Лиза Қожаққызы баяндама жасап, орталықтың тілдің дамуына қосып жатқан үлесіне де қысқаша тоқталып өтті.

-«Тіл-қазына» орталығы тіл ғылымының дамуына, сонымен қатар тілдік қолданыс аясын кеңейтудің әдіс-тәсілдері мен технологияларын меңгеруге кең көлемде қызмет етіп келе жатқан бірден-бір орталық деуге болады. Атап айту керек, биыл Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойына орай, көптеген іс-шаралар қолға алынды. Жуырда орталық алғаш рет А.Байтұрсынұлының таңдамалы шығармалар жинағын ағылшын, түрік, орыс тілдеріне аударып, баспадан шығарды. Сондай-ақ, еліміздің түкпір түкпіріне ат басын бұратын «Ахаң жүріп өткен жол» экспедиясы өз жұмысын бастады. «Тіл –қазына» орталығының қолданбалы «Sozdikqor.kz» платформасы, қазақ тілін деңгейлі оқытуға арналған Tilqural.kz веб-сервис қызметі, дұрыс жазуға көмекші құрал «Emle.kz» сайты мен терминологиялық қордың біріздендірілген жинағы «Termincom.kz» сайты туралы мәліметтеріне қанығуға болады. Сондықтан, қазақ тілін өзіміз қажет етпесек, өзіміз қолдану аясын кеңейтпесек, тұрмыста, жұмыста пайдаланбасақ өзгелерге бірдеңе деу артық сияқты. Қазір қазақ тілінде қандай мәлімет, ақпарат керек болса бәрі де қолжетімді. Ал жоқ дейтін адамды тілді үйренуге, меңгеруге құлқы жоқ деп түсіну керек, - деді Лиза Есбосынова.

Бұдан кейін ОҚМПУ профессоры, жазушы ғалым Құлбек Ергөбек сөз алып, тілдің мәні мен маңыздылығына тоқталса, Ж.Тәшенов атындағы университеттің ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Ләззат Әбенова тіл мәселесі мен тілдік орта жайлы мазмұнды баяндама жасады.

Шара барысында Қазақстан Ассамблесының корей этно мәдени бірлестігінің мүшесі Тимур Пак пен Қазақстан Ассамблеясының өзбек этно мәдени бірлестігі Жастар қанатының мүшесі Гузал Бахтияровна Хаджимуратова құттықтау сөздерін айтты. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар тіл жанашыры ретінде басқарма тарапынан Алғыс хаттармен марапатталды.

Айта кетейік, форумды ұйымдастырушы Шымкент қалалық тілдері оқыту-әдістемелік орталығы қаладағы мемлекеттік, бюджеттік, құқық қорғау мекемелері мен кәсіпорын қызметкерлеріне қазақ, орыс, ағылшын тілінде деңгейлі курстар өтеді.

Отырарда «Тіл ғұмыры - ұлт ғұмыры» атты мерекелік кеш өтті

Халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып отырған баға жетпес асыл мұрасы – қазақ тілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақ тілі – қазақтың жаны! Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз»,- деп атап өткен болатын. Қазақстан өзінің тәуелсіздік туын тіккен 30 жыл ішінде елімізде мемлекеттік тілдің жүйелі түрде дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы орайда Отырар ауданында «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесіне орай «Тіл ғұмыры - ұлт ғұмыры» атты мерекелік кеш өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, тұрғындарды қос мерекемен құттықтады.

ШЫМКЕНТКЕ М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫ ГАСТРОЛЬДІК САПАРМЕН КЕЛДІ

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек және М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының әртісі, ҚР "Серпер" жастар одағы сыйлығының иегері Алмас Шаяхметовтің қатысуымен М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы аясында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының Шымкент қаласына арнайы гастрольдік іс-сапармен келуіне байланысты өткен брифингте мәлім болды.

Өнер ұжымы театр репертуарындағы шоқтығы биік спектакльдерін Шымкент қалалық орыс драма театрының сахнасында қала тұрғындары мен қонақтарына тарту етпек.

Атап айтар болсақ:

26 қыркүйек – Дулат Исабековтың «Жүз жылдық махаббат» драмасы; Басталуы сағат 19.00-де.

27 қыркүйек – Бернард Шоудың «Сүйікті менің періштем» комедиясы; Басталуы сағат 14.00-де және 19.00-де.

28 қыркүйек – Александр Володинның «Қоштасқым келмейді» драмасы; Басталуы сағат 14.00-де және 19.00-де.

29 қыркүйек – Абай Құнанбайұлының қара сөздері бойынша қойылған «Қара» драмасы; Басталуы сағат 19.00-де.

«Бұл шара М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатыр. Театырымыздың үлкен-кіші буыны бар, қазіргі қазақ экранында жүрген танымал актерлармен қосқанда жалпы 60-қа жуық актер келіп отыр. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақтың дарынды жазушысы Д.Исабековтың 80 жас мерейтойына арналған «Ұлттық театр сахнасында Дулат Исабековтың шығармалары» атты көрме ұйымдастырылады. Бұл күндері театр фойесінде Ұлттық театрдың мұражай қорынан «Мұхтар Әуезов және Ұлттық театр» көрмесі де көрерменге жол тартады» - деді Е.Жуасбек.

Сондай-ақ, 28 қыркүйек сағат 11.00-де Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы, «Платиналы Тарлан» сыйлығының, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Назгүл Қарабалина М.Әуезовтің 125 жылдығына арналған М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың гастрольдік сапары аясында «Монодрама - шеберлік шыңы» атты шеберлік сағатын өткізеді.

Түркістан қаласында “Мейірімді жүрек” қайырымдылық акциясы жалғасын табуда

 

Балалар жылы аясында ұйымдастырылған шара қаламыздағы ерекше қажеттілігі бар балаларға қуаныш сыйлауды мақсат етті. Аталмыш шара Farab кітапханасында жүргізіліп, оған қаламыздың ақсақалдар алқасының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Таңғатаров пен қаланың бас имамы Мұхаммеджан Ергешбайұлы қатысып, бүлдіршіндерге ақ тілектерін арнады.

Сөз алған қала әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы “Бала - ұлттың болашағы, еліміздің ертеңі, келешегіміздің келбеті. Сондықтан да оларға барынша көңіл бөлуді назардан тыс қалдырмауымыз керек. Ерекше балаларымыздың армандары асқақ, өмірлері бақытты сәттерге толы болғай!”-деді.

 Шара барысында бүлдіршіндер қаламыздағы жаңадан ашылған саябақтарды аралап, “Керуен сарай” кешенін қайықпен тамашалады. Ұйымдастырушылар іс-шараның жоғары дәрежеде өткендігін алға тартып, игі іске жаны жомарт жандар көптеп атсалысса екен деген тілек білдірді. Жиын соңында балаларға сыйлықтары таратылып, бүлдіршіндер әннен шашу шашып, өнерлерін ортаға салды.

 

ШЫМКЕНТТЕ «ТЕКЕМЕТ-FEST» ЭТНОФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

Шымкентте «Shymqala» этноауылында «Текемет-fest» этнофестивалі басталды. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан екі күндік қолөнер шеберлерінің фестиваліне Шымкент қаласымен қатар, іргелес Түркістан облысының Сауран, Арыс ауданы және Өзбекстан, Қырғызстан елінен қолөнер шеберлері қатысуда.

– Ұлттық қолөнер бұйымдарының ішіндегі ең көнесі – текемет. Негізгі мақсат – ұмыт болып жатқан дүниені қайта жаңғыртып, келер ұрпаққа аманаттау. Шарада шеберлер текеметтің шығу тарихын, түрлерін айтып, жасалу жолдарын келушілермен бірге жасайтын болады деді,- қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, архивтер басқармасының бөлім басшысы Динара Серікқызы.

Фестивальде қойдың жүнін қырқудан бастап, дайын болғанға дейінгі үрдістің қалай жүргізетінін яғни, жүн сабау, түту, бояу, тарау, шабақтау, шүйкелеу, түр салу, текеметті басуды көрсетті.

–Текеметті төсеген кезде жылы болады, аяқтан сыз өтпейді. Бұрынғы кезде ата-бабаларымыз көшіп-қонғанда киіз үй тіккен, текеметті төсеген. Жүнне жасалған бұйымдар жиі қолданыста болған. Дәстүрді жаңғыртып, жастарға текемет басудың қыр-сырын үйретіп отыруымыз қажет,- деді Өзбекстанның келген шебер Есенгүл Мырзаева.

Он саусағынан өнері тамған шеберлер басқан ою-өрнекті текеметтер көздің жауын алады.

– Біз Қырғыз елінің текеметін алып келдік. Төсенішті жасауда бауырлас елдерде қатты айырмашылық жоқ. Бүгін келушілерге қырғыз елінің текеметінің қалай жасалатынын көрсетеміз, - дейді қырғызстандық қолөнер шебері Сұлтанәли Апжаппар.

«Текемет-fest»-те түрлі ұлттық нақыштағы кәдесый, төрт-түліктен өндірілетін өнімдерден жасалған бұйымдардың көне үлгілері, бүгінгі заманауи өнімдерден құрылған көрме жасақталды. Фестиваль ертең де жалғасады.

 

Түркістан: "Түркінің сұңқар айбынды тұлғасы" атты шара өтті

Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, аса көрнекті жазушы,ірі қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай "Түркінің сұңқар айбынды тұлғасы" атты тақырыпта әдеби - қонақжайлық шара  өтті.

Іс - шараға Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, журналист, ғалым, ұстаз Сейдулла Садықов, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, тарих ғылымдарының кандидаты, "Сәбина"бала- бақшасының меңгерушісі Адырбек Баян Садыққызы, Түркістан облыстық "Қазақ тілі"қоғамының төрағасы Пашанова Алима қатысып, жастарға жазушы Шерхан Мұртаза атамыздың өмірі мен еңбектерінен әңгіме өрбітсе, Райымбек Сейтметов атындағы сазды драма театрының актерлары мен мәдениет қызметкерлері Шерхан ағаның "Ай мен Айша" романынан шағын көрініс көрсетілсе, мәдениет үйінің әншілері патриоттық әндерін нақышына келтіріп орындады.

Іс - шара соңында қонақтар мен студенттер Түркістан қалалық орталық кітапхананың дайындаған "Әдебиет- халықтың рухани байлығы" атты кітап көрмесімен танысты.

Айта кетейік, Шерхан Мұртаза - 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ мекенінде туған. 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 

«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963–1970 жж. «Лениншіл жас» газетінің редакторы. 

Содан кейінгі уақытта «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. 

1989–1992 жж. «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992–1994 жж. Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған.

Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990–2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, ел басы, сен де тыңда» (К.Смаиловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген. 

Оның шығармалары КСРО халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. 

Қазақ тіліне Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын; Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржімалады. «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды.

«Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы. «Құрмет белгісі», «Отан (1999) ордендерімен, медальдармен марапатталған. ПЕН-клуб сыйлығының иегері (2003).

Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза 9 қазан күні86 жасында  қайтыс болды.

 

«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ - 2022» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ - ТҮРКІСТАНДЫҚ ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВТЕР ОТБАСЫ

Бүгін Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен 8-ші рет өткізіліп отырған облыстық «Мерейлі отбасы - 2022» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті.

Шаңырақтың береке-бірлігін насихаттаған мерейлі шарада сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев жеңімпаздарды арнайы құттықтап, байқауда белсенділік танытқан барлық отбасыға алғысын білдірді.

- Дана халқымыз «Отан - отбасынан басталады» деген ұлағатты сөзді текке айтпаған. Отбасы қай заманда болсын мықты мемлекеттің негізі болып саналады. Биыл ұлттық байқауға қатысу үшін Түркістан облысынан 116 отбасы өтініш білдірді. Облыстағы барлық аудан, қалаларда ұйымдастырылған байқаудың алғашқы кезеңінде 26 отбасы жеңімпаз атанды. Арнайы комиссияның шешімімен отбасылар анықталып, жүлделер мен сыйлықтар беріледі. Шараның басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу және әр ауданнан келген түрлі салада жүрген отбасыларды жас буынға үлгі ретінде көрсету, - деді Аңсар Жаңабайұлы.

Әділқазылардың шешімі бойынша байқаудың бас жүлдесін 4 ұл, 3 қыз дүниеге әкеліп, 31 немере, 25 шөбере өсірген Түркістан қаласының Құлбайымбетовтер отбасы иеленді. Әулеттің тірегі 81 жастағы зейнеткер Жарқынбек Құлбайымбетов 40 жыл мұғалім қызметін атқарған. ІІ орынды 7 ұл, 1 қыз дүниеге әкеліп, 33 немере өсірген Төлеби ауданынан Әжібаевтар отбасы лайық деп танылды. Ал ІІІ орынды 8 ұл-қыз өсіріп, этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға елеулі еңбек сіңіріп жүрген Сайрам ауданының тұрғындары Ильхамжановтар отбасы иеленді.

Шара барысында басқарма басшысы жеңімпаз және жүлдегер отбасыларды Алғыс хаттар және сертификаттармен марапаттады. Сондай-ақ байқауда бақ сынаған 23 отбасыға ынталандыру сыйлықтары табысталды.