Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024 12:17

Отырарда қаламгер Сағындық Қыдырұлының «Алдым – сағым, артым - сағыныш» кітабының тұсаукесері өтті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Отырар ауданының құрметті азаматы, саналы ғұмырын туған жерінің тарихы мен этнографиясын зерттеуге арнаған қаламгер Сағындық Қыдырұлының «Алдым – сағым, артым - сағыныш» кітабының тұсаукесері өтті. Отырардың отты перзенттерінің бірі Сағындық ағамыздың бұл үшінші кітабы еді.

Бұған дейін «Өмір өткелдері», «Асулар» атты кітаптары өз оқырмандарының жүрегінен жол тапқан болатын. Амал қанша? Бүкіл саналы ғұмырын өңір экономикасының өсіп-өркендеуіне, туған жері қасиетті Отырардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани саласының дамуына арнаған абзал жан соңғы кітабының жарыққа шыққан сәтін өзі көре алмады. Дегенмен жақсының артында өлмейтін мұрасы, өшпейтін өнегелі істері ұрпағына бағдаршам болып қалды.

Аудандық мәдениет сарайында өткен руханият кешіне абзал жанның замандастары, ізін басқан іні-бауырлары, шәкірттері, туыстары қатысты. Мемлекет және қоғам қайраткері Әлімжан Құртаев, Шәуілдір ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбеков, ҚР Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, орамды ой-толғауларын елдің пайдасына жазып қалдырған салиқалы азаматтың тереңдігін, кемелдігін әңгімелеріне арқау етіп, жаңа кітаптың лентасын қиды.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен «Отырар әдебиеті және өнері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділхан Мәлік ұзақ жылдар бойы энергетика саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан соң да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген Сағындық Қыдырұлының адами қасиеттері мен іскерлік қабілеті жайында айтып өтті.

Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде: «Сағындық Қыдыр ағамызды артындағы қалған ұрпағы, ел-жұрты сағына еске алып отыр. Сағындық ағамыз бір әулеттің ғана емес елдің, халықтың сүйікті перзенті, өзіндік келбеті қалыптасқан дара тұлғасы еді. Асыл азамат өмірінің соңғы жылдарын кітап жазуға арнап, бойындағы бар ізгілікті, білімі мен өнегесін қағаз бетіне жазып қалдыра білді. Ия, абзал жанның бұл сәтті көре алмай кеткені жанымызға батады. Дегенмен «артында бар оңалар» деп дана халқымыз атап өткендей Сағындық ағамыздың ұлдары Еркін мен Уәли Сағындықұлдарының әке өнегесін жалғастырып, шежірелі әңгімелері мен өз күнделігінде баяндалған сағынышқа толы сырларын жинақтап кітап қылып шығаруы даналықтың, ізгіліктің жаққан шырағының сөнбегені деп білемін»,-деді.

Бұған дейін Сағындық Қыдырұлын еске алуға арналған «Сағынып жеткен сыр сазы» атты жазба ақындар мүшәйрасы жарияланған болатын. Арнайы қазылар алқасы құрылып, ақындардан түскен өлеңдерді саралап-сараптап, жүлдегерлерді анықтаған еді. Шара барысында аталған жыр мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталып, жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды. Кеш барысында ақын Нұрғали Сердалиев, Бауыржан Ерман, Раушан Мұратовалар өздерінің арнау өлеңдерін ерекше тебіреніспен оқыды.

Мұнан соң сахна төріне техника ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Омаров, Мүтәлхан Әбілаханов, ауданның құрметті азаматы Мария Белгібай сағым бейнесі сағынышқа айналған замандастары, ел ағасы жайында толғаныстарын айтып, естеліктерімен бөлісті.

Кеш соңын Сағындық қарияның ұлы, елімізге белгілі қаламгер Еркін Қыдыр қорытындылап, тіршілік күйбеңдері мен мақтау-мадақ жиі айтылатын жиындарды емес, өлең-жыр оқылатын басқосуларды жаны сүйетін, аудандағы шығармашыл жастардың қамқоршысына айналған әкенің өнегесі туралы айтып, өз перзентін сағына еске алып отырған қалың еліне, жұртына ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткері Әлімжан Құртаев Сағындық Қыдырұлы жайлы төмендегідей естеліктерімен бөлісті.

«Күллі саналы ғұмырын өзінің туған же­ріне, туған еліне, туған тіліне адал, абы­ройлы қызмет етуге арнаған абзал аза­мат­тар болады. Қасиетті Отырар топыра­ғы­ның сондай бірегей перзенті, ел ардақтысы – Сағындық ағамыздың ғибратты ғұмырына ба­ла кезімізден қызығып өстік. Өткен ға­сыр­дың 60-жылдары біздің ауылдан шыққан ал­ғашқы үш интеллигент-инженер Сағын­дық Қыдыров, Нұрғали Сарыпбеков, Мақаш­бек Әлімбеков ағаларымыз еді. Үшеуі де Таш­кентте оқып, жоғары білім алып, елге ке­ліп қызмет істеді, үлкен жетістіктерге жет­ті. Біз бала күнімізде сол кісілердей болсақ деп армандаушы едік, соларға қарап көп жа­с­тар бой түзедік.

Сағындық аға кешегі сұрапыл соғыс қар­саңын­да қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Іңгәлаған сәби шағынан қазыналы қарт­тығына дейін кіндік кескен жерінен мүл­де ажырамаған атамыздың тағдыр-та­лайы да, дәм-тұзы да, бақытты да бақуатты өмірі туған топырағымен біте қайнасып жа­тыр.

«Адамзат қауымы жер үстіндегі жолаушы сияқ­ты. Олар бірінің ізін бірі басып, ылғи жол үстінде келеді. Бұл – адамзат жолы, біз­дің өткен бабаларымыздың жолы, бұл – олар­дың тарихының жолы» деп қаламгер қарт өзі жазып кеткендей, ғұмыр жолы, жал­ғандағы жарығы да көне Отырардан бас­талып, сол топырақта өніп-өсіп, бақиға ба­рар жолын да осы жерге бұйыртқаны Жа­рат­қанның оң назары түсіп, өз қалауымен сүйік­ті пендесіне жасаған үлкен сыйы шы­ғар, кім білсін!

1957 жылы Арыстағы орта мектепті үз­дік бітіріп, арман қуып, Ташкенттегі Орта Азия политехника институтына энергетика ма­мандығы бойынша оқуға түседі. Бес жыл­дан кейін оқуын қызыл дипломмен аяқтап, ең­бек жолын Самарқандағы Орта Азия газ ма­гистралінен бастайды. Екі жылдан кейін жас маман Шымкенттегі ғана емес, Одақтағы алып өндіріс – фосфор зауытына подстанса бас­шысы болып ауысады. Білікті маманға тез ара­да қала орталығынан пәтер беріледі. Ол жер­де тәп-тәуір қызмет істеп жүре беруіне бо­лар еді. Бірақ ауылда тұратын қартайған әке-шешесінің жай-күйі ой-санасынан кетпей, оның үстіне туған жерінде мүмкіндік бо­ла тұра, білікті мамандар жетіспегендіктен, бір­тұтас электр желісі қосылмай тұрғаны да қабырғасына батып, Шәуілдірге жұмысын ауыстырып, Ақтөбедегі ата-анасын қолына кө­шіріп алды. Ол кезеңде Отырар ауданында энер­гетика саласы енді ғана қарқын ала бас­таған-ды.

Сағындық ағамыз аудандағы ең ал­ғашқы жоғары білімді инженер-энергетик ма­ман болып, осы саланың дамып-өркен­деуі­не өлшеусіз үлес қосқанын, шалғайдағы мал­шы ауылға дейін жарық жеткізгенін күл­лі отырарлықтар ешқашан ұмытпайды. Он жылдан астам жемісті басшылық жасаған аудандық электр желілері мекемесін қуатты, үлкен ұжымға айналдырды. Тұңғыш ауатком төрағасы Дүйсенбай Алтынбеков осы өңірде канал қаздырып, тіршілік нәрін әкелсе, Са­ғын­дық Қыдыр электр желісін тартып, жа­рық пен жайлылық жеткізді деп айтады оты­рарлықтар.

1981-1996 жылдар аралығында Шәуіл­дір­дегі ең ірі автокөлік мекемесін жемісті бас­­қарды. Заман талабына сай үлкен ме­ке­ме­нің меншік түрі өзгергенде де әділетті ше­шім қабылдануына ұйытқы болды. Сол жер­ден зейнет демалысына шықты. Зей­нет­кер атанған соң қарап отырмай шаруа қо­жа­лығын ашып, оның жұмысын жемісті жүр­гізді, біраз жастарды фермерлікке баулы­ды. Сонымен қатар елдегі рухани-қоғамдық жұ­мыстарға белсене кірісіп, қасиетті Отырар өңірінің тарихы, этнографиясы, әдебиеті, өнері және тұтастай алғанда мәдениетін өр­кендетуге қажыр-қайратын, күш-жігерін ая­май жұмсады. Отырар өңірінің шежіресіне, та­сада қалған тұлғаларына қатысты тың дерек­терді мерзімді басылымдарда үзбей, тұрақты түрде жариялап отырды.

85 жасқа қараған шағында фәниден ба­қи­ға аттанған ел ардақтысы – «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Сағындық Қы­дыр­ұлы ағамыздың сан түрлі қыры бізді әлі күн­ге дейін қайран қалдырады. Тарихқа аты ойып жазылған киелі Отырар жерінің та­ри­хы мен этнографиясын зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің жазу мен ойлау қуа­ты айрықша еді. 2020 жылы жарыққа шық­қан «Өмір өткелдері» және 2023 жылы ба­сылып шыққан «Асулар» атты екі кітабы – осы сө­зіміздің нақты дәлелі. Ең бастысы, өз өмі­рінде кездескен жандардың бәрінің шы­найы тағдырын, өңірдің шағын ауыл­дары­ның шежіресін, тұлғаларын қасиетті қала­мы­мен тасқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа үлгі-өне­ге етіп қалдырды. Бір сүйсінетінім, Са­ғын­дық ағамыз шұрайлы Шілік өңірін ме­кен­деген аталардың шежіресін қолмен қой­ғандай етіп, ұқыптап жинап, тарихи оқи­ғалардың желісіне салып отырып, ға­жайып кемелдікпен, білімдарлықпен жас ұрпақ­қа жеткізіп кеткені дер едім.

Біздің ауылдағы, Шілік-Ақтөбе елді ме­кенінде, Ақтөбе, Бұзықтөбе, Сүйін­байа­рық, Беларық, Макібайарық, Тыма деген жер-су атаулары бар. Солардың барлығының тарихын Сағындық аға өте жақсы білетін-ді. Ғы­лыми негіздемемен айтып, түсіндіріп беру­ші еді. Кей кездері қандай да бір мәселе тура­лы ойлаған сәтте: «Қайран, Сағындық аға. Сіз өмірде болғанда осы мәселенің мәні­сін сұрап алар едім» деп ойға шомамын. Бізге қазір Сіз сияқты кемеліне келген, ой-санасы телегей-теңіз қазыналы қария жетіспейді.

«Қазақта текті әулет деген сөз бар. Текті де­ген сөздің арғы жағында тәрбиелі, иманды, білімді, тәртіпті деген мағына жатса керек. Текті әулеттің басында текті кісі тұрады. Ол өзі­нен тараған ұрпағын, ағайын-туысын, әуле­тін, керек болса ауылын, айналасын тек­ті етіп тәрбиелейді. Тектілік оның жүрген жү­рісінен, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен, ел­мен қатынасынан айқын аңғарылады» деп жа­зады Сағындық аға «Асулар» атты кіта­бында. Осы ой-пікірінде айтып жеткізгендей, өзі де әулетін, ауылын, айналасын тектілікке тәр­биеледі.

Отбасында өмірлік қосағы Таза­гүл Әбікқызы анамызбен бірге 4 ұл тәрбиелеп өсі­ріп, олардан немере-шөбере көрді. Бұл отбасы қалың елдің ықыласына бөленген Еркін Қыдыр, Уәли Қыдыр сияқты қаламы қа­рымды журналистерді берді. Бұл – бабалар жо­лын берік ұстанған, туған ауылынан та­мы­рын үзбеген қазақы, текті адамның өмі­рі­нің жалғасы, көрген бақыты. Көзі тірісінде қо­лынан қаламын тастамай, ел мен жердің тари­хын, бүгіні мен ертеңін хатқа түсіріп, ар­ты­на өлмейтін, өшпейтін ұлы сөз қал­дыр­ған абыз ақсақалдың үшінші кітабы – елін сүйген перзентінің екінші мәңгілік өмірінің бас­талғанының белгісі деп ойлаймын. Арты­на өлмейтін сөз қалдырған абыз ақсақалдың жаны жұмақта болғай!».

Қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов те Сағындық Қыдырұлы жайлы төмендегідей керемет естеліктерімен бөлісіп отыр.

«Осы бір көп сөйлемей, көп тыңдайтын жігіт ағасын алғаш кездестіргенде түсіне алмай жүрдім. Сенің айтқан сөзіңді ұната ма, ұнатпай ма, тыңдап отыр ма, жоқ па, белгісіз. Жүзінен ешнәрсе оқи алмайсың, ешқандай эмоция білінбейді. Көп тыңдайды, аз сөйлейді, бірақ саз сөйлейді. Мен Ақтөбе облысында біраз жыл қызмет етіп елге келгенімде, Сағындық аға Қыдыров аудандық электр желілері мекемесінің басшысы екен. Мен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының құрылыс бөліміне орналастым, аудандағы жиналыстарда жиі кездесіп қаламыз.

Кейін сұрастырып білсем, ол кісі біздің Қызылқұм (Отырар) ауданындағы тұңғыш жоғары білімді энергетик екен. Сағындық аға кешегі сұрапыл соғыс қарсаңында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Іңгәлаған сәби шағынан қазыналы қарттығына дейін кіндік кескен жерінен мүлдем ажырамаған ағамыздың тағдыр-талайы да, дәм-тұзы да, бақытты да бақуатты өмірі де туған топырағымен біте қайнасып жатыр. Бабалары сонау бір заманда Кенесары жасағына еріп Арқадан Сыр бойына келіп, орнығып қалып қойған деп өзі әңгімелеп отырушы еді.

1957 жылы Арыстағы орта мектепті үздік бітіріп, арман қуып, Ташкенттегі Орта Азия политехника институтына энергетика мамандығы бойынша оқуға түседі. Бес жылдан кейін оқуын қызыл дипломмен аяқтап, еңбек жолын Самарқандағы Орта Азия газ магистралінен бастайды. Екі жылдан кейін жас маман Шымкенттегі ғана емес, Одақтағы алып өндіріс – фосфор зауытына подстанция басшысы болып ауысады. Білікті маманға тез арада қала орталығынан пәтер беріледі. Ол жерде тәп-тәуір қызмет істеп жүре беруіне болар еді. Бірақ ауылда тұратын қартайған әке-шешесінің жай-күйі ой-санасынан кетпей, оның үстіне туған жерінде мүмкіндік бола тұра, білікті мамандар жетіспегендіктен, біртұтас электр желісі қосылмай тұрғаны, үлкен ауылдардың өзі дизель моторымен сағаттап қана жарық жағып отырғаны да қабырғасына батып, Шәуілдірге жұмысын ауыстырып, Ақтөбедегі ата-анасын қолына көшіріп алды. Ол кезеңде Отырар ауданында энергетика саласы енді ғана қарқын ала бастаған-ды. Сағындық аға аудандағы ең алғашқы жоғары білімді инженер-­энергетик маман болып, осы саланың дамып-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқанын, шалғайдағы малшы ауылға дейін жарық жеткізгенін отырарлықтар ешқашан ұмытпайды. Он жылдан астам жемісті басшылық жасаған аудандық электр желілері мекемесін қуатты, үлкен ұжымға айналдырды. Тұңғыш ауатком төрағасы Дүйсенбай Алтынбеков осы өңірде канал қаздырып, тіршілік нәрін әкелсе, Сағындық Қыдыр электр желісін тартып, жарық пен жайлылық жеткізді деп айтады жерлестері.

Ол кісі 1981-1996 жылдар аралығында Шәуілдірдегі 300-ден астам қызметкері, 150-ден астам көлігі бар ең ірі мекемені табысты басқарды. Заман талабына сай үлкен мекеменің меншік түрі өзгергенде де әділетті шешім қабылдануына ұйытқы болды. Сол жерден зейнет демалысына шықты. Зейнеткер атанған соң қарап отырмай шаруа қожалығын ашып, оның жұмысын жемісті жүргізді, біраз жастарды фермерлікке баулыды. Сонымен қатар елдегі рухани-қоғамдық жұмыстарға белсене кірісіп, қасиетті Отырар өңірінің тарихы, этнографиясы, әдебиеті, өнері және тұтастай алғанда мәдениетін өркендетуге қажыр-қайратын, күш-жігерін аямай жұмсады. Отырар өңірінің шежіресіне, тасада қалған тұлғаларына қатысты тың деректерді мерзімді басылымдарда үзбей, тұрақты түрде жариялап отырды.

Осыдан бір жыл бұрын, 85 жасқа қараған шағында фәниден бақиға аттанған ел ардақтысы – «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Отырар ауданының құрметті азаматы Сағындық Қыдыр­ұлы ағамыздың сан түрлі қыры бізді таңғалдырады. Тарихқа аты ойып жазылған киелі Отырар жерінің тарихы мен этнографиясын зерттеуге елеулі үлес қосқан қаламгердің жазу мен ойлау қуаты да айрықша еді. 2020 жылы жарық көрген «Өмір өткелдері» және 2023 жылы басылып шыққан «Асулар» атты екі кітабы – осының нақты дәлелі. Соңында қалған қолжазба мұрасын жинақтап, ұрпақтары тағы бір кітапты баспаға тапсырыпты. Ең бастысы, Отырар өңірінің кешегі қызыл империя тұсында айтылмай, тасада қалып ақтаңдақтарға айналған оқиғалары мен тұлғалары туралы зерттеулерін, өзінің өмір жолында кездескен бірегей жандардың шынайы тағдырын, шағын ауылдар шежіресін, онымен қоса әңгіме, эссе, естеліктерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды.

Жылдар өтіп, мен аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланғанымда, Сәкең аудандық автобаза мекемесінің директоры екен. Сол кезден бастап тығыз, етене жақын қызметтес болдық. Әсіресе күзде жүгері жинау науқаны басталғанда күн-түн демей, бірге жүруге тура келді. Мінезі қарапайым болғанмен, жұмысқа қатал, тәртіп орната білетін, адал жүретін, өте пайымды басшы болды. Қатар жүрген оншақты жылда автобазада артық әңгіме, ұжымдағы түсініспеушілік, кемшілік, дау-дамай мекемеден тыс жерге естілген емес. Ол – басшының ұжыммен толыққанды түсіністік орната білгені, басшылық қасиетінің жоғарғы деңгейде болғаны.

Мен ойлайтынмын құрылыста қазақтың қопалдау теңеуі бар, «дардан қашқандар» дейтін, солар істейді бірен-саран болса да деп. Жүгері науқаны кезінде облыстан жоғары тонналық 40-50 автомашина көмекке келеді. Басы-қасында жүреміз Сәкеңмен бірге. Бір күні айттым Сәкеңе: «бұл автобаза мекемесінде дардан машинамен қашатындар істей ме, мынау не пәле?» дегенімде, Сәкең сәл жымия күліп: «Шәке, олар машинамен жүрген соң, енді жаяу қаша ма?» деп қарап тұр. Ашуланып тұрған басым, еріксіз күліп жібердім. Ешуақытта қарамағындағы қызметкерге дауыс көтеріп сөйлегенін көрмеппін. Тағы бір байқағаным, облыстан келген 40-50 автомашинамен жұмыс ұйымдастыру да оңайлыққа түспеді. Кейде мен шыдай алмай ашулана бастасам, «Шәке, мен өзімізше сөйлесейін» деп басшыларын оңаша алып кетеді де, мәселені оңынан шешеді. Бір күні оңашада маған айтып «қонақ шоферлердің қарны ашыңқырап жүрген сияқты, совхоз директорымен сөйлесейін» деді. Сәкең өзінің директормен сөйлескені жеңілдеу бола ма, сіз сөйлескеніңіз дұрыс па дегенді тікелей айтпастан, астарлап, қазақи дәстүрмен маған жеткізіп тұр. Не деген дипломатия! Жасым кіші болса да, қызметімді сыйлап, маған өнеге, ұлағат көрсетіп тұр.

Совхоз директоры ­Әлмахан Қошаманов аңқылдаған таза қазақи көңілдегі, кеңпейіл жігіт еді. Біраздан соң келді. Мен Сәкеңнің салған жолымен директор мырзаға «мына қонақ жігіттер қалай істеп жатыр, тасымалдап үлгеріп жатыр ма?» деп едім. «Шәке, бәрі дұрыс, мен түсіндім, қонақжайлылығымызды ол жігіттерге көрсетеміз» деді. Сол күні түн жарымында бір қойын сойып, таңға жақын тасымал біткен соң, шоферлерді қонақ етіп күтті, ертеңінде бәрі көңілді, «жұмыс бар ма, жүгері қайда таситын?» деп жұлқынып тұр. Бұл да жұмыстың әдісін тапқаны, оның үстіне қонақжайлылық арқылы қазақи рухты көтеруге үлес қосқаны. Күндегідей емес, түнгі 3-4-тер шамасында жүгері тасылып бітті. Обалы не керек, совхоз директоры оншақты күнде бір рет қонақтарды күтіп, жұмыс қарқыны арта бастады. Кейіннен жүгері жинау науқанын сырттан көмек шақырмай-ақ Сәкең басқаратын автобаза күшімен атқаратын күнге де жеттік.

Сағындық ағаның қазақи, адами қасиеті де өте жоғары еді. Мынадай бір жағдай орын алды. Менің бір сыныптас досым жас кезінде өмірден өз орнын таба алмай, соққы жеп мазасы болмай жүрді. Сол жігітті Сәкең жүргізуші етіп алып, тәрбиеледі. Ретін тауып, түзу жолға сала білді. Бір күні маған досым келіп тұр. «Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, бюро мүшесісің, яғни толыққанды аудан басшыларының бірісің. Маған өкім шығарып бер, Қыдыровқа тапсыр, менің айдауымдағы автомашинаны кешке гаражға қоюдан босат» дейді. «Досым-ау, ол мекеменің ішкі тәртібі бар, оған араласуға менің құқығым жоқ, бұл қызмет бабын асыра пайдалануға жатпай ма? Бұл қылмыс қой» десем, түсінгісі келмейді. «Онда мен баяғы жолыма түсемін» деп қорқытады. «Мен қазір С.Қыдыровпен сөйлесейін, босатады» десем, «ол айтқаның әрі кетсе бір аптаға жетеді, сосын машинаны қайта гаражға қамайды» дейді.

Содан тәуекел деп, өкім жазып, қол қойып, досымның қолына бердім. Ол кешке келді «рақмет, машина астымда» деп. Мен қалай бердің, не болды десем, мен директорға кірсем, кадр бөлімі басшысы екеуі отыр екен, алдына өкімді қойсам, оқыды, сосын «бұлар сыныптастарымен кезінде тентек болған деуші еді, сол рас екен» деді де, қағазды сейфке салып тастады, қасындағы қызметкер бұл не деп сұрап еді, бір кісінің маған жазған хаты деді. Мен түсініп, «ух» дедім, Сәке аға бірнеше күннен соң әлгі өкімімді маған өзі әкеліп берді, не деген азаматтық, не деген қамқорлық! Досымның көңілін қимай әзірлеген әлгі қағаз тысқары жаққа шығып кетсе, менің тағдырым не болар еді?.. Осындай жаны жайсаң, кісілік пен кішілік қатар дарыған жігіттердің арқасында қазақи, адами құндылықтарды сақтап келе жатқанымыз. Алла Тағала ұрпақтарына осы бір асыл қасиеттерін сақтауды нығмет етсін, сонда қазақи рух сақтала береді».

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 145 рет