Сәрсенбі, 28 Қыркүйек 2022 20:32

Түркістан: Жат ағым жарға жықпасын десек...

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Дін саласындағы ақпараттық түсіндіру тобының 2022 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен "Дін мәселелерін зерттеу орталығы"-ның теолог маманы Дүйсен Асхат және Ішкі саясат бөлімінің маманы Марат Айсұлу қалалық №17 Ататүрік атындағы мектеп гимназиясының оқушыларымен кездесу өтті. Мамандар оқушыларға діни экстремизмнің, теріс пиғылды діни ағымдардың зияны жайлы айтып берді. Бүгінде әлемдік мәселеге айналған жат ағымдар біздің еліміз үшін де шетін тақырып еместігі белгілі. Жүздеген ұлттар мен этностың, бірнеше дәстүрлі конфессиялардың басын қосқан еліміздің ерекшелігін теріс мақсатта пайдаланғысы келетін топтардың төбе көтермей қалмасы да айқын. Дәстүрлі діннен алшақтатып, адамдардың  санасын улап жүрген бұл теріс пиғылды керағар жат ағымдар бактерия, вирус сияқты. Қай жерде әлсіздік болса, қай жерде сақтану, алдын алу шарасы болмаса, сол жерде өркен жаяды. Соқыр сенім жетегіне еріп, жат ағымның ығына жығылған азаматтарымыздың қатары көбеюде. Еліміздің ата заңымен көптеген керағарар діни ағымдарға тыйым салынып отыр. Ресми ақпараттық порталдарда олардың тізімдері де жарияланған. Бұл жат ағымдардың жекелеген қауіп-қатерлері аз емес. Жалпылама айтқанда, еліміздің береке-бірлігіне, тұтастығына, қоғамымыздың күнделікті өміріне төнген қауіп деуге болады. Жеке өмірі ойрандалып, тағдырлары талқандалған азаматтар қоғам арасында жиі кездесіп отыр. Кез келген деструктивті жат ағым адамды отбасынан, жақындарынан оқшаулау арқылы өз идеялогиясының тұтқынына айналдыруды көздейді. Тіпті, адамдарды өз Отанын мойындамайтын деңгейге дейін жеткізіп, ой-санасынан тәуелсіздікті жоққа шығарады. Сол арқылы өздерінің радикалды мақсаттарына жетелеп, кез келген тапсырманы сөзсіз орындауға дайындайды. Жат ағымдардың ең қатерлі тұстары осы болып отыр. Дін – мемлекеттің негізін құраушы басты фактордың бірі болғандықтан, ол елдегі ішкі тұрақтылықтың кепілі. Ауызбірлік, елжандылық, бейбітшілік пен тыныштық – асыл дініміздің басты мұраты. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұрған жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, халқымызды, жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Жат ағым жарға жықпасын десек, бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, онымен сырласып, ішкі жан дүниесін түсініп оның көзқарастары жайлы әрдайым хабардар болған абзал. Әсіресе, ата-аналар балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт сілтеп, діни ақпаратты дұрыс дерек көздерден алуға кеңес бергені жөн. Егер ата-ана балаға дін мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, оңды бағыт-бағдар көрсете алмаса, жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдаланып кетуі әбден мүмкін. Діни білім алу қажеттілігі туындаған кезде, бір діни мәселеге тап болған сәтте әркімге жүгінбей, арнайы дін мамандарынан кеңес сұрағанымыз абзал. Дін өз бетімен үйренетін құндылық емес. Бұл деген дін қолжетімсіз дүние деген емес, керісінше, арнайы оқу орындары, мешіттерден, осы дін саласының мамандарынан үйренсе – дін жеңіл болумен қатар, сенімді құндылыққа айналады. Ал егерде діни сауатты бейтаныс ақпарат көздерінен, не болмаса бейтаныс өздерін ғана ақылды санайтын, дін үйретушілерден алатын болсақ, соңы қасіретке апаруы мүмкін. Әрбір азамат өзі дұрыс діни ақпараттармен өзінің имани иммунитетін күшейтіп, өзіне рухани сүзгі қалыптастырса, дінді сенімді қайнарлардан үйреніп, дұрыс ақпараттармен сусындаса жат ағым ықпалына еріп кетпейді. Әр адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат. Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Деструктвті діни ағымдармен күрес тек мемлекетке керек деп ұқпауымыз керек. Ол қауіпті жаумен әрқайсымыз аянбай күреспесек, еліміздің, болашақ урпақтың тағдырына қауіп төнбек.Егемен еліміздің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда ерінбей еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық парызымыз екенін жадымыздан шығармайық! Ішкі саясат бөлімінің маманы Марат Айсұлу болса зайырлылық туралы сөз қозғады. «Зайырлылық» сөзі «ашық», «айқын», сыртқы деген мағыналарды білдіреді. Зайырлылық ұғымының ауқымы кең. Зайырлылық аясына гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін пайдалануы кіреді. Яғни зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы көптүрлілікті мойындау. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. «Зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің мемлекет саясатына араласпайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз» деп атап көрсетті. Діни құқықтың әрекет ету аясы діни институтпен шектеледі. Діннің мемлекеттен бөлектігіне байланысты мемлекет дін істеріне араласпайды. Зайырлы мемлекеттегі барлық діндер тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне (заң бұзылмаса) араласпайды, сондай-ақ, діни бірлестіктер мемлекеттік міндеттерді атқармайды. Мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге конфессиялық ерекшеліктер негіз болмайды. Зайырлылық қағидаты – діни догманы мемлекеттен алшақтату, бірақ дінді қоғам өмірінен ажырату емес. Зайырлылықтың құндылықтар жүйесі адамның ойлау мәнері мен машықтарынан бастап киім үлгілеріне дейінгі мәдени феномендерді қамтиды. Мемлекеттің зайырлылығы діннен бөлектігінен ғана емес, сонымен бірге басқа дүниетанымның басымдығын мойындамауымен сипатталады. Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлек болғанмен, халықтың  болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлек емес. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екенін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетінін білдіреді. Мемлекет пен діннің арасында зайырлы әрі рухани құндылықтарға сүйенген жанды байланыстар орнаған. Зайырлы мемлекеттің маңызды сипаттарының бірі – діни сенімдері мен көзқарастары әр түрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруі. Яғни зайырлы мемлекет рухани саладағы көптүрлі қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді.Қорыта айтқанда зайырлылық дін емес, мемлекеттің ұстанымы. Ол дінге тыйым салмайды. Зайырлы қоғамда өмір сүре отырып діндар болуға, діни қызмет атқаруға мүмкіндік бар.

Оқылды 428 рет