«Үй маңында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» – деген екен халқымыз, тұла бойымызға даналық, мейірімділік қасиеттерін сіңірген асыл жанымыз – атамыздың берген батасы, сезімге толы сөздері әлемдегі ең қасиетті сөздер болып саналады. Қазақ халқының тәрбиелік және тәлімдік ой-пікірлері мен жол-жораларының маңызы мынадай жайттарда айшықтала түседі: қазақ халқының өміріндегі үлкенді сыйлау мен қонақ күтудің елеулі маңызы; халық ойындары мен мерекелерін өткізудің де өзіндік ерекшеліктері мен қалыптасқан жүйесі, табиғаттың сырын терең меңгеріп, үйлесімділік табуы, өсиет айту, терме, айтыс, шешендік сөздер, қазақтардың поэзиясы, туыстық қарым-қатынастар, қонақжайлылық, тектілік, т.б.
Адамзат қауымының ғасырлар бойғы тарихы имандылық, ғибраттық, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық тағылым ұрпақ тәрбиесінің қыруар үлгілерін мұралыққа қалдырғаны бәрімізге белгілі. Қазіргі таңда сол құндылықтарымыз қаншалықты сақталып, ұрпақ санасына қаншалықты беріліп жатқандығы басты мәселе.
Адам өміріндегі тәрбие, ұлттық сана басты мәселе болуы тиіс. Адам болып туылу оңай, ал адам болып қалыптасу қиын. Адамдық қасиетке бірден бір әсер етуші фактор ол тәрбие, ұлттық салтымыз. Сол халық даналығы қорытқан қазына байлық, тәжірибені халық игілігіне жарату, үлгі етіп ұсыну жас ұрпақтың еншісінде.
Ата сөзі – ақыл көзі ретінде мол асыл қазына, ата сөзінің тәлімдік мәні көне заманнан басталса, оның құдіретін сөз арқылы ұрпақтан-ұрпаққа дамытушы қарт ұстаз. Өмірдің өнегелі жақтарын көңілге тоқыған қария – өсетін жасқа өнегелі өсиет айта отырып, жақсы өмірге үйретеді, ойын дамытады, тілін ширатады. Ата-ана ақылды болса, ұл-қызы да дана болып өседі, бағбаны ақылды болса, ағашы түзу болып өседі. Ойсыз бала өспес, сусыз ағаш өспес. Ата-ана ардақты болса, ұл-қызы ақылды болар, ата-ана ақылсыз болса, ұл-қызы жағымсыз болар – деп бекер айтпаса керек. Жақсы тәрбие-жақсылыққа бастайды. Өмірде әрбір ата-ана өз ұлы мен қызын жамандыққа үйретпейді, жақсылыққа үйретеді. Жақсылық – ұлдың ойын, қыздың бойын тез өсіреді. Қазіргі уақытта ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуші қарттарымыз кемде кем. Аталарымыздың айтуында қарты бар үй қазыналы дейтін, алайда, сол қадір-қасиет қазіргі қарияларымыздың бойынан жеткілікті көрінбейді. Садақаға су берсең адам сырын да жасырмайды, мұңын өзінен асырмайды. Өмірде есепсіз дүние жинап, ажалға тап болғанды Алла да жақтырмайды, бірақ өмірде дана болсаңда тіршілікте мәңгі қалдырмайды. Кешірімді болсаң – кең етер, мейірімді болсаң – еліңе хан етер, қаһарлы болсаң – халықты өзіңе жау етер, ақымақ болсаң – айналаңды дау етер. Ата тәрбиесін түсінсең – өсиет болар, түсінбесең – өсекке айналар деген.
Ел басқару – естінің ісі, үй басқару – ердің ісі, қас пен досты дауластыру ездің ісі деп бекер айтпаса керек. Ата тәрбиесі – жасты ақылды етеді, ақылдыны – дана етеді, түйсігі барды – тілді етеді, ойланып оқығанды – білімді етеді, көңілге тоқығанды – көңілді етеді. Аталы сөзді білмеген жүрер жолын көрмейді, досына сенбейді, оңайлықпен күлмейді, жақсылықты білмейді, надандықтан кетпейді, ақылдыға ермейді, көрінгенді күндейді. Ата тәлімін үйреніп ойлаған озар, ойланбаған тозар, оқымағанның жыны күнде қозар – деп бекер айтпаса керек Марқабай Керімбекұлы.
Қорыта келе ата тәрбиесі жастарға даналықты тани білуге, балалықтан арылып, ақылдылыққа бой ұруға үйрететін өз ойын өзі ширатуға көмектеседі. Қарттық – ағып жатқан дария, теңіз іспеттес. Қарттарымыз еліміздің өткені мен бүгіні, тұнып жатқан тарихымыз. Үлкенді сыйлау – ата-бабаларымыздан келе жатқан салтымыз екенін ұмытпағанымыз абзал.
Қ.Салықбаев
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын
ұйымдастыру және үйлестіру
бөлімінің басшысы