М.Әуезов атындағы ОҚУ «Денсаулық» спорт кешенінің жүзу бассейні күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Бүгінгі балаларды қорғау күніне орай жаңа бассейнде суға жүзуден жасөспірімдер арасында республикалық турнир басталды.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов балаларды бүгінгі мерекемен құттықтап, шаһарда бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалатынын айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шаһарда бұқаралық спортқа қолайлы жағдай жасалып келеді. Бүгінде қалада 1000-нан аса спортшы кәсіби түрде жүзу спортымен шұғылданады. Заманауи талапқа сай жабдықталған жүзу бассейні қалада бұқаралық спорттың дамуына ықпал етіп, жастарды осы спортқа ынталандыруға өз септігін тигізбек. Жалпы, спорт инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары одан әрі жалғасын табады», – деді қала әкімі.
2011 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасындағы республикалық сайысқа 13 өңірден, жалпы 368 спортшы қатысып жатыр. Қала әкімі М.Әйтенов, қала мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов, М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Д.Қожамжарова жарысты көпшілікпен бірге тамашалады.
"Бұл біздің қала тұрғындарының мақтанышы. Трибуналардың сыйымдылығы 300 адам, ұзындығы бір рет жүзу 50 метр бұл мемлекеттік кеңестік стандарт, қазір мұндай стандарттар жоқ. Бұл жылы бассейндегі су 26-27 градус, бұл да стандарт, ашық аспан астында. Бұл шынымен де біздің қаламыздың тарихи нысаны. Әйелдер мен ерлерге арналған екі киім ауыстыратын бөлме, балаларға арналған душ бөлмелері бар", - дейді М.Әуезов атындағы ОҚУУ ректоры Дария Қожамжарова.
1970 жылы салынған «Денсаулық» спорт кешенінің жаңғыртылған жүзу бассейні 1 маусым – балаларды қорғау күніне орай тұрғындар игілігіне беріліп отыр. Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына, спортшылардың шеберліктерін шыңдайтын нысан толығымен жаңғыртудан өтті.
Бассейн қала тұрғындары үшін ашық. Жүзгісі келетіндер бірнеше күннен кейін салқын суға түсе алады. "Денсаулық" спорт кешені демалыссыз жұмыс істейтін болады.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін спорт кешенінде касса жоқ! Бассейн қызметтерін екінші деңгейдегі банктердің кьюар-коды арқылы төлеуге болады.