Сенбі, 29 Шілде 2023 19:07

ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАР ЖАРТЫ ЖЫЛДА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТТАРЫНАН 18 МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛҒАН

Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев 2023 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, баспасөз брифингін өткізді. Басқарма басшысы спорттық инфрақұрылымды және бұқаралық спортты дамыту, спорттық жетістіктер, жан басына қаржыландыру жобасы бойынша жүзеге асқан жұмыстар және алдағы жоспарларды баяндады.

Өткен жылы қалада дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 498 852 адамды немесе қала тұрғындарының жалпы санының 42 пайызын құрады. Биыл бұл көрсеткішті 43 пайызға жеткізу назарда тұр.

Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша спорт саласының көрсеткіштері 4 бағытты қамтиды. 2023 жылдың I тоқсанында Үстел теннисі кешені, жаңа ипподром құрылысы (демеуші есебінен), Металлург стадионы, №20 спорт мектебі спорт ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін №12 спорт мектебінің қосымша корпусы, Sport Life футбол орталығының құрылысы аяқталады.

– Биыл 2024 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама берер жарыстар басталады. Бұл бағытта жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Қытайда өтетін Жазғы Азия ойындарына шаһардан 50-ден астам спортшы үміткер болып отыр. Қазіргі таңда ҚР 6-шы жазғы Спартакиадасында 62 алтын, 55 күміс, 47 қола жүлдемен қала спортшылары жалпыкомандалық есепте 2-ші орында тұр, - деді басқарма басшысы.

6 айдың қорытындысы бойынша қала спортшылары Азия чемпионаттарынан 61 алтын, 45 күміс, 35 қола, әлем чемпионаттарында 6 алтын, 5 күміс, 7 қола жүлдеге ие болды.

Сонымен қатар, есепті кезеңде 1 еңбек сіңірген спорт шебері, 14 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 67 ҚР спорт шебері, 190 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.

Оқылды 695 рет