Сәрсенбі, 13 Қыркүйек 2023 18:52

Отырар ауданында спорт саласының үздіктері марапатталды

Отырар ауданында спорт саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ауданның үздік спортшылары мен жаттықтырушылары марапатталды. Аудандық мәдениет сарайында өткен мерекелік шарада аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ауданның спорт саласында қызмет атқарып жүрген барша қызметкерлермен спортшыларды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, оларға толағай табыстар тіледі.

Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдары ел спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымызды асқақтата түсуде. Спорт саласында мемлекеттік саясаттың басымдығы – бұқаралық спортты тиісті деңгейде дамыту үшін жағдайлар жасау болып табылады. Бұқаралық спортың дамуы – Қазақстандықтардың салауатты өмір салтының даму негізі екені сөзсіз.Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы.

Отырар ауданында спорт саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ жаттықтырушылар, әдіскерлер, спорт клубының нұсқаушылары мерекелік салтанатта Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының, аудан әкімі Алғыс хаттарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болса, ауданымыздың абыройын қорғап, әлем, Азия және ҚР чемпионаттарында олжа салған бір топ отырарлықтар ҚР спорт шеберлігіне үміткер атанып, арнайы куәлік пен естелік сыйлықтарға ие болды.

Сондай-ақ шара барысында ауыл округі жастар арасында волейболдан өткен аудан біріншілігінің және мемлекетттік мекеме қызметкерлері арасында кіші футболдан өткен «QYZMET CUP» біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы Алғыс хаттар және қаржылай сый-сияпаттарға ие болды. Жиын соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, аймаққа белгілі әншілердің әуезді әндері спорт сүйер жандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Спорт — мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын, халықтың жанкүйерлік рухын көтеретін көрсеткіш. Сондықтан еліміз спортты дамытуға айрықшы көңіл бөлуде. Мәселен, он тоғыз жылдан бері елімізде спорт күні белгіленіп атап өтілуде. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде әр сала бойынша спорттық жарыстар өткізіліп, халықты салауатты өмір салтына тарту мақсатында түрлі шаралар өткізіледі. Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісін спорт күні ретінде халық асыға күтеді.  

Жалпы спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Саланың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын арттыруға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған көптеген шаралар көз алдымызда ұйымдастырылуда. Сондықтан жыл өткен сайын баласын спорттың әртүрлі саласына жетектеп әкелетін ата-аналардың саны артып келеді. Әрине халықты спортшыларымыздың халықаралық дәрежеде жеткен жетістіктіктері де ынталандырары анық. Осы орайда еліміздің спортшылары соңғы онжылдықтарда халықаралық жарыстарда, Олимпиада ойындарында еліміздің намысын жыртып, үздік нәтижелерді көрсетіп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Мемлекет басшысының өзі спортшыларымызды халықаралық жарыстарға шығар алдында арнайы шақырып, сәттілік тілеп шығарып салуының өзі спорт саласының мемлекетіміздің басты назарында екенін айқындайды. Еліміз беделді халықаралық жарыстарды өткізетін елге айналып, арнайы спортшыларға арнап қалашықтар тұрғызып, спорттық нысандар санын көбейтуде. Бұл Қазақстанда спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамуының ғана көрсеткіші емес, оның әлемдік мойындалуын көрсетеді.

Атап өтер жайт, елімізде Дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылға арналған арнайы кешенді жоспар да әзірленген. Спортты жүйелі дамытуды көздеген кешенді жоспарда мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары толық ескерілген. Саланың басы қасында жүрген мамандар арқылы толықтырылған кешенді жоспар еліміздің спорт саласын жаңа деңгейге көтереді деген үміт зор! Кешенді жоспар 34 тармақ пен 5 негізгі бағыттан тұрады. Атап өтсек нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету, мектеп және студенттік спорт, спорт желілерін кеңейту, салауатты өмір салтын насихаттау және кеңінен тарату, спорттық-бұқаралық іс-шаралары көбейту көзделген. Бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатындардың санын арттыру мақсатында да көптеген жұмыстар жасалуда.

Президент бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгілеп отыр. Сондықтан қолға алынған шаралар өз деңгейінде атқарылса, талай игі іске мұрындық болары анық. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында бүгінде еліміздегі балаларды арнайы спорттық үйірмемен қамту жұмыстары да жүргізілуде. Балаларды спортқа тарту мақсатында аталмыш жоба жемқорлардың жемсауында кетпес үшін барынша пысықталуда. Жалпы еліміздегі спортты дамыту үшін жасалып жатқан шаралар алдағы уақытта өз жемісін береріне сенім мол!

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 424 рет