Бейсенбі, 21 Қыркүйек 2023 12:53

ШЫМКЕНТТЕН XIX АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНА 64 СПОРТШЫ ҚАТЫСАДЫ

Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын жарысқа еліміздің атынан 524 атлет қатысады. Олар 30 спорт түрінен 305 медаль үшін бақ сынасады. Бұл дүбірлі додаға Қазақстан құрамасы 1994 жылдан бері сегізінші рет қатысқалы тұр.

Азия ойындарында табысты өнер көрсету өте маңызды. Себебі байрақты бәсекеде құрлық чемпионы атағымен қатар, спорттың 8 түрінен Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынады.

Шымкент қаласынан 33 спорт түрінен 64 спортшы Азия ойындарына қатысады. Олардың қатарында Әлем және Азия чемпиондары бар.

Бокс – 34 лицензия (ерлер – 7 салмақта финалға шыққан 14 боксшы, әйелдер – 50, 54, 57, 60 келіде жартылай финалға шыққандар, 66, 75 келіде финалға шыққан боксшылар);

Садақ ату – 5 лицензия (ерлер — 1,2-орын алғандар, әйелдер — 1,2-орын алғандар, аралас команда — 1-орын алған құрама);

Қазіргі бессайыс – 10 лицензия (ерлер 5 лицензия және әйелдер 5 лицензия);

Брейк-данс – 2 лицензия (ер — 1 және әйел — 1);

Үлкен теннис – 5 лицензия (ер, әйел, жұптық ерлер, жұптық әйелдер, аралас жұптар; тек жеңімпаздар лицензия алады);

Су добы – 2 лицензия (ерлер — 1 және әйелдер құрамасы — 1);

Әртістік жүзу – 2 лицензия (әйелдер дуэті — 1, командалық сайыс — 1);

Көгалдағы хоккей — 2 лицензия (ерлер — 1, әйелдер құрамасы — 1);

Жүзу, жеңіл атлетикада белгілі бір уақыт нормативін орындаса, Олимпиада жолдамасы беріледі.

Ал Париж Олимпиадасына кіретін өзге спорт түрлерінен Азия ойындарында жүлделер сарапқа түссе де, лицензия берілмейді. Кей жарыстар спортшылар үшін рейтингтік ұпай беруге көмектеседі. Медаль көп сарапқа салынатын күрес түрлерінен жолдама Әлем чемпионаты мен келесі жылы өтетін іріктеу додаларында ойнатылады.

Оқылды 408 рет