Дүйсенбі, 18 Қыркүйек 2023 22:21

"ШЫМКЕНТ МАРАФОНЫ" БҰҚАРАЛЫҚ САЙЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Шымкент қаласында биыл 6-шы рет ұйымдастырылған “Shymkent Marathon” ауқымды спорттық іс-шарасы мәресіне жетті. Бұқаралық жүгіру сайысына 5 мыңнан астам адам қатысты.

Биыл 7 дистанция бойынша сайыстар өтті. Атап айтқанда, 5, 10, 21 және 42 шақырым және скандинавиялық жүрістен, сонымен қатар, Экиден (42 шақырымдық эстафета) және мүмкіндігі шектеулі балалалар арасында жеңімпаздар анықталды.

Сонымен, Шымкент марафонында 42 шақырымды 73 адам, 21 шақырымды 227 адам, 10 шақырымды 526, 5 шақырымды 1089 адам жүріп өткен.

Марафонның басты қашықтығы — 42 шақырым бойынша ерлер арасында Ержан Жанарстанов (18-29 жас), Павел Солодов (30-39 жас), Алмас Баймұхамедов (40-49 жас), Абдурашид Бахтиев (50-59 жас), Серік Сексембаев (60-69 жас) үздік шықса, әйелдер арасында Диана Айдосова (18-29 жас), Олеся Алексеева (30-39), Ольга Машинская (40-49 жас), Нелли Медведева (50-59 жас) топ жарды.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Қ.Асылов бұқаралық жүгіру сайысында топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

—Іс-шараның басты мақсаты — бұқаралық спортты дамыту мен саламатты өмір салтын қалыптастыру. Елімізде спортты дамытуға айрықша мән беріліп, барлық жағдай жасалуда. Дәстүрлі сайысқа қатысушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл қала тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығы артқанын көрсетеді. Сайыста мықтылар жеңсін!, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Жеңімпаздарға ақшалай және марафонның демеушісі "Эврика" сауда желісінің бағалы сыйлықтары табыс етілді.

Айта кетейік, Шымкент марафон 2023Шымкентте жүгіруден марафон қатарынан алтыншы жыл өтіп жатыр. Биыл алты мыңнан астам адам қатысты. Қазақстан ғана емес, ТМД елдеріген спортсүйер жандар қатысуға өтінім берді. 60 қаладан желаяқтар қатысты. Биылғы ерекшелік ерекше күтімді қажет ететін балалар ата-анасымен қатысып жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры - 14 млн теңге.

Оқылды 344 рет