Байдарка және каное есуден Жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты күтіп алу рәсімі өтті. Шымкент қаласының спортшылары – Сергей Емельянов 1 алтын, 1 күміс, Тимофей Емельянов 1 күміс, 1 қола, Ирина Подойникова мен Руфина Искакова 1 күміс жүлде иеленген болатын. Шымкент әуежайынан жеңімпаз спортшыларды ата-анасы, спорт мектебі басшылары, жанкүйерлері зор қошеметпен қарсы алды.
Іс-шарада қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев, қалалық ескек есу және су спорт түрлері федерациясының президенті Нұрғазы Бұхарбаев жеңімпаздарды құттықтап, алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі.
– Азия ойындарында қаламыздың спортшылары жарқын жеңіспен қуантып жатыр. Мінекей, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің екінші тобын қарсы алып отырмыз. Ескек есуден ағайынды Емельяновтар әрдайым жоғары жетістіктер көрсетіп келеді. Олар кезекті рет Азия ойындарында өздерінің мықты екендіктерін дәлелдеді. Биыл жастар арасында әлем чемпионы атанған Руфина Искакова ересектер арасындағы сайыста күміс жүлдеге қол жеткізді. Алда тағы да жарыс жолына шығатын спортшыларымыз бар. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз! – деді Б.Тұманбаев.
Ұлттық құрама сапында Сергей Емельянов 500 метрге каноэде есуден алтын медаль жеңіп алды. Сергей және Тимофей Емельяновтар жұптық жарыстың 1000 м бағдарламасында күміс жүлдені иеленді. Ал байдарка мен каноэде есуден жастар арасында әлем чемпионатының жеңімпазы болған Руфина Искакова Азия ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізді.
Жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Сергей Емельянов қолдау көрсеткен баршаға рахметін айтып, алдағы жарыстарға дайындыққа кірісетінін жеткізді.
Тілге тиек етейік,23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Ханчжоуда ХІХ жазғы Азия ойындары өтуде. Қытайда Азиада-2022 өткізу туралы шешімді 2015 жылғы 16 қыркүйекте Азия Олимпиада кеңесі (АОК) қабылдады.
Жазғы 19-шы Азия ойындарында барлығы 474 медаль жиынтығы ойнатылуда, оның 381-і олимпиадалық спорт түрлерінен, 93-і олимпиадалық емес спорт түрлерінен. Жарыс 61 спорттық пән бойынша өтеді, оның ішінде 45 - олимпиадалық, 16 - олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша.
.