Жексенбі, 08 Қазан 2023 10:07

ШЫМКЕНТТІК СОФЬЯ БЕРУЛЬЦЕВА – АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ

WKF каратэден Ұлттық құрама көшбасшысы Софья Берульцева Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында қарсылас шақ келтірмей, Қазақстан қоржынына оныншы алтынды салды.

Әйелдер арасында +68 кг салмақтағы ақтық айқаста Софья мен Арика Гурунг күш сынасты. Жекпе-жек басынан белсенді қимылдаған Берульцева қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Есеп: 3-0.

«Азия ойындарына алтын медаль алу үшін келдім. Жоспар орындалды. Бұл біздің команданың жеңісі», – дейді финалдық жекпе-жегінен кейін өз эмоциясымен бөліскен Азия ойындарының чемпионы София Берульцова.

Айта кетейік, Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтті. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын жарысқа еліміздің атынан 524 атлет қатысты. Олар 30 спорт түрінен 305 медаль үшін бақ сынасты. Бұл дүбірлі додаға Қазақстан құрамасы 1994 жылдан бері сегізінші рет қатысып тұр.

Байрақты бәсекеде құрлық чемпионы атағымен қатар, спорттың 8 түрінен Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынды.

Шымкент қаласынан 33 спорт түрінен 64 спортшы Азия ойындарына қатысты. Олардың қатарында Әлем және Азия чемпиондары бар.

Бокс – 34 лицензия (ерлер – 7 салмақта финалға шыққан 14 боксшы, әйелдер – 50, 54, 57, 60 келіде жартылай финалға шыққандар, 66, 75 келіде финалға шыққан боксшылар);

Садақ ату – 5 лицензия (ерлер — 1,2-орын алғандар, әйелдер — 1,2-орын алғандар, аралас команда — 1-орын алған құрама);

Қазіргі бессайыс – 10 лицензия (ерлер 5 лицензия және әйелдер 5 лицензия);

Брейк-данс – 2 лицензия (ер — 1 және әйел — 1);

Үлкен теннис – 5 лицензия (ер, әйел, жұптық ерлер, жұптық әйелдер, аралас жұптар; тек жеңімпаздар лицензия алады);

Су добы – 2 лицензия (ерлер — 1 және әйелдер құрамасы — 1);

Әртістік жүзу – 2 лицензия (әйелдер дуэті — 1, командалық сайыс — 1);

Көгалдағы хоккей — 2 лицензия (ерлер — 1, әйелдер құрамасы — 1);

Жүзу, жеңіл атлетикада белгілі бір уақыт нормативін орындаса, Олимпиада жолдамасы беріледі.

Оқылды 203 рет