Дүйсенбі, 09 Қазан 2023 18:53

Сарыағаштық жас спортшылар ел чемпионатынан жүлдемен оралды

Қостанай қаласында аударыспақ спорт түрінен 2006-2008 жылы туылған жасөспірімдер арасында өткен XI Қазақстан Республикасы чемпионатында Түркістан облысының құрама сапында қатысқан сарыағаштық палуандар жеңіспен оралды.

Аударыспақ спорты қазақтың ұлттық аударыс­пақ ойынына негізделген. Мұндай спорттық ойын­дар қазіргі таңда тек Қазақ­стан емес, Орталық Азия, Кавказ өңірі, тіпті, Еуропа елдерінде де танымал. Елі­мізде де осы спорт түрімен айналысатын балуандар жылдан жылға кө­бейіп келеді. Негізгі ережелер қазақтың ұлттық спорты ауда­рыспақтан алынды.

Ертеде кез келген тілек білдіруші салмағына қарамай өз еркімен жарысқа қатыса беретін болған. Аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ұлттық спорт түрлері – халық құн­дылығының ажырамас бө­лігі. Қазақ­тың кез келген ойыны ерлікті, батыл, өжет, шапшаң, епті қимылдауға, тапқыр­лық пен табандылыққа, байсалды болуға үйретеді. Ата-бабамыздың зама­нынан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезін­де найза ұстап, қылыш шабатын жауын­герге қажетті қасиеттерді қалып­тас­тырған.

Республикалық чемпионаттан жеңіспен оралғандарды атап өтер болсақ, Сүлеймен Тұрдықұлов 2006 жылғы 59 кг салмақ дәрежесінде және Ибрагим Таскет 2006 жылғы 65 кг салмақ дәрежесінде аударыспақтан І орын иегері атанып, алтыннан медаль тақты (жаттықтырушысы – Рахымжан Тұрдықұлов). Сондай-ақ, Сүндет Таскет 2006 жылғы 77 кг салмақ дәрежесінде аударыспақтан ІІІ орынға табан тіреп, қола жүлдегері атанды (жаттықтырушысы Рахымжан Тұрдықұлов). Сонымен қатар, Ердаулет Ергеш 2006 жылғы +90 салмақ дәрежесінде ІІІ орын, Нұрдос Армен 2007 жылғы 54 кг салмақ дәрежесінде ІІІ орын, Бекнұр Нуриддин 2006 жылғы 82 кг салмақ дәрежесінде ІІІ орын (жаттықтырушысы Сулеймен Айдаров) иеленді. Ал Ақбай Жанболат көкпардан І орын иегері атанды.

Бүгінде мемлекетіміздің алға қойған басты міндеттерінің бірі – саналы һәм білімді ұрпақ қалыптастыру. Осы орайда, ұлттық спортымыздың алар орны ерекше. Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын асқақтатын маңызды сала. Спортты дамыту, жас ұрпақты спортқа баулу – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта ауданда спорт саласы жылдан жылға дамып, жаңа жетістіктермен толығып, жастардың спортқа деген қызығушылығы артуда.

Аударыспақ — спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін қазақтың ұлттық спортының бір түрі. Бұл ойында екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады. Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатыса алады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын.

Аударыспақ салмақтық категорияға бөлінеді. Аударыспаққа салмақтық категорияны енгізудің мақсаты — қатынасушыларға неғұрлым теңдік жағдай туғызу. Аударыспақшыда қызыл және көк түсті белбеулері болуы қажет. Аударыспақ шеңберінің аумағы 30 метр. Белдесу уақыты 5 минут. Аударыспақшының ер тоқымында, жүгенінде, өмілдірік құйысқанында спортшыға зақым келтіретін үшкір заттар, темір әшекейлер, ер тоқымының алдыңғы, артқы қасында, үзеңгісінде дәнекерленген қосалқы бөлшектер болмауы тиіс. Аударыспақта негізгі рольді ат пен ойыншы жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. "Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқа­ралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған ке­шенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қау­лысымен бекітілгені мәлім.

Жалпы, Сарыағаш ауданында спорт саласының материалдық-техникалық базасы нығайып келе жатқаны байқалады. Мәселен, Қапланбек ауылдық округі, Жонарық ауылында, Дарбаза ауылында, Құркелес ауылдық округінің Алғабас, Нұрлы жол ауылдарында ашық спорт алаңшалары салынып пайдалануға берілген. Мұндай еңбектер арқасында үлкен жетістіктер тұр деп айтуға болады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 273 рет