«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын.
Облыс әкімінің бұқаралық спортты дамыту, халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту және салауатты өмір салтын насихаттау тапсырмасына сәйкес, Келес ауданында бірқатар оң өзгерістер орын алып келеді. Бес жыл көлемінде аудан аумағында 9 кіші футбол алаңшалары ел игілігіне пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, биыл Абай ауылында тағы бір жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. Аталған нысанның құрылысы 2024 жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ спорт саласын дамыту мақсатында түрлі спорттық сайыстарда аудан жастары облыста және әлемдік ареналарда намысты додаға түсіп, ел мерейін арттыруда.
Келестік спортшылардың қатарында 19 жасар Санжар Ташкенбай биыл бокстан әлем чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ еркін күрестен Есенгелді Асылжан қатысып, Қазақстан чемпионатынан І-ші орын алып, намысты қолдан бермей келеді.
Тұрғындарды спортқа баулу үшін алдымен спорт мекемелерінің базасы жақсы болуы керек. Содан барып спортқа қызығушылық танытатын тұрғындардың саны арта түсуі анық. Түркістан облысында 59 спорт түрі бойынша 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 72 спорт мекемесі бар. Онда жалпы саны 51 мыңнан астам спортшы тіркелген.
Өңірде өткен жылдыңқорытындысы бойынша 4643 спорт ғимараты жұмыс істеді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар. Биылдың өзінде Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп-интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы үлгідегі спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарда бар.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі.
Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілгені мәлім. Осы жоспарға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат