XIX Жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін және олардың бапкерлерін марапаттау іс-шарасы өтті. Салтанатты жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, мәслихат депутаттары, спорт мектебі басшылары қатысты.
Шаһарда қала әкімдігі тарапынан спорт саласына әрдайым қолдау көрсетілуде. Осындай қолдаудың нәтижесінде шымкенттік спортшылар Жазғы Азия ойындарында жарқын жеңіске жетті. Ханчжоуда (Қытай) өткен бәсекеде қала спортшылары 5 алтын, 10 күміс, 11 қола медальға ие болды.
Қала әкімі жеңімпаздар мен жүлдегерлерді және олардың бапкерлерін құттықтап, спорт саласының дамуына барлық жағдай жасалатынын атап өтті.
– Мемлекет басшысы елімізде спорттың дамуына айрықша назар аударып отыр. Мінекей, осы бағытта атқарылған жұмыстың нәтижесінде жоғары жетістіктерге қол жеткіздік. Кезекті Жазғы Азия ойындарында сіздер намысты қолдан бермей, биік белестерді бағындыруға деген құлшыныстарыңызды көрсеттіңіздер. Бұл ретте бапкерлердің еңбегі ерен. Қалада спорт инфрақұрылымын дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады, – деді қала әкімі.
Ғабит Әбдімәжитұлы спортшылар мен бапкерлерге Алғыс хат және қаржылай сертификаттарды табыс етті. Шаһар басшысы спортшыларға алдағы Олимпиада ойындарында сәттілік тіледі.
Жазғы Азия ойындарына Шымкент қаласы республикалық мәртебе алғаннан кейін алғаш рет дербес команда рет қатысты. Жергілікті спортшылар Олимпиада Ойындарына лицензияларды жеңіп алу үшін түрлі халықаралық жарыстарда бақ сынайтын болады.
Төрт жылда бір рет ұйымдастырылған жарысқа еліміздің атынан 524 атлет қатысты. Олар 30 спорт түрінен 305 медаль үшін бақ сынасты. Бұл дүбірлі додаға Қазақстан құрамасы 1994 жылдан бері сегізінші рет қатысып тұр.
Байрақты бәсекеде құрлық чемпионы атағымен қатар, спорттың 8 түрінен Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынды.
Шымкент қаласынан 33 спорт түрінен 64 спортшы Азия ойындарына қатысты. Олардың қатарында Әлем және Азия чемпиондары бар.