Жексенбі, 07 Қазан 2018 15:09

Түркістан облысы: созақтықтар «Шалқар» командасының 50 жылдығы атап өтті

Созақ аудандық орталық мәдени спорт кешенінде «Былғары доп» жүлдесінде 1968 жылы Одақты дүркіреткен «Шалқар» командасының 50 жылдық мерейтойы аталып өтті. Мерейтой аясында кіші футболдан республикалық жарыс өтіп, оған 12 команда қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Салыхан Полатов құттықтау сөз сөйлеп, «Шалқар» командасының ойыншыларына естелік сыйлықтар, мерейтойға арнап шығарылған альбом кітап табыс етті. «Шалқар» командасының капитаны, ардагер спортшы Аманғали Аймұрзаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабыл Еспенбетов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға табыс тіледі. 

Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Созақта спортқа деген көзқарас ерекше болғанын айта кеткен жөн. Себебі сол кезде аудандық спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Оралбай Дәуленбаевтың еңбегі үлкен. 1966 жылы Ыбырай Алтынсарин орта мектебі жанына футбол, волейбол, баскетбол спорт түрлерінен секцияларын ашты. Осы спорт түрлерінен әсіресе футболмен балалар көп шұғылданды. Нәтижесінде облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, «Шалқар» командасының негізгі құрамы жасақталды. «Шалқар» футбол командасы жасақталып шыққан Ыбырай Алтынсарин мектебінің директоры Сейілбек Наурызбаев, және денешынықтыру пәнінің мұғалімі Таужан Батыров, Ыбыраш Алшынбаев болатын. 1968 жылы Шымкент қаласындағы «Спартак» стадионында «Былғары доп» ұйымдастырумен өткізген жарыста 1 орын алып, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавловск қаласында республикалық «Былғары доп» жүлдесін сарапқа салды. Онда ауылдың қара домалақ балалары барлық командаларды ұтып, 1 орынды иеленіп, республика чемпионы атанып, Армения ССР-ның астанасы Ереван қаласында өтетін бүкілодақтық «Былғары доп» жарысына жолдама алды.

«Шалқар» командасы Қазақстан Советтік Социалистік Республикасының намысын абыроймен қорғады. Команда құрамында Аманғали Аймұрзаев, Закір Бәкіров, Тағабек Құдияров, Кенжебек Жұмақов, Мэльс Мейіров, Абдікәрім Омаров, Әмзе Омаров, Айтқали Қуатбеков, Сатыбалды Төлбасиев, Едіге Тұрғанбаев, Берік Смағұлов, Байдалы Омаровтар болатын. Бұл азаматтардың барлығыда еліміздің, ауданның өсіп өркендеуі жолында үлес қосты. «Шалқар» футбол командасының жеңісті жолы және команда капитаны Аманғали Түктібайұлы Аймұрзаев туралы созақтық белгілі жазушы Сәуірбек Бақбергенов «Он үшінші ойыншы» деп аталатын кітап жазды.

 «AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 1449 рет