Бейсенбі, 09 Қараша 2023 15:33

Түркістандық балуан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Албания елінің Тирана қаласында еркін күрестен U23 жасқа дейінгі ересектер арасында өткен әлем чемпионаты аяқталды. Тартысты сында 61 келі салмақта Қазақстан ұлттық құрамының талантты балуаны, Түркістан облысының спортшысы Асылжан Есенгелді күміс жүлдегер атанды.

Балуанды Түркістан халықаралық әуежайынан спорт жанашырлары мен туған-туыстары, жаттықтырушылары құшақ жая қарсы алды. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов жүлдегер спортшымен кездесіп, құрмет көрсетті. Басқосуда аппарат басшысы чемпионды жүлдесімен құттықтап, алдағы Париж олимпиадасының жолдамасы үшін өтетін байрақты додаларда сәттік тіледі.

– Қазақстан Республикасының көк байрағын әлемдік додаларда көкке көтеріп, қарсыластарының жауырынын жерге тигізіп жүрген Есенгелді Асылжандай спортшымызға облыс әкімі Дархан Сатыбалдының атынан алғысымды білдіремін. Алдағы халықаралық жарыстарда сәттілік тілей отырып, төрт жылдықтың басты додасы Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізіп, жолдама жеңіп алу үшін тынбай еңбектенеді деп сенемін. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін біздің тарапымыздан толық қолдау жасаймыз, – деген аппарат басшысы демеушілер атынан дайындалған 1 млн. теңге қаржылай сыйлықтың сертификатын тапсырды.

Түркістандық балуан алғашқы белдесуінде жапониялық Каито Моританы тізе бүктірсе, ширек финалда үндістандық балуан Акаш Дахияны сенімді жеңген болатын. Ал жартылай финалында қырғыз боз кілем шебері Тайырбек Жумашбекуулудан басым түсіп, ақтық сынға шықты. Финалдық бәсекеде ресейлік балуан Башир Магомедовпен шығып, есе жіберіп, күміс жүлдені еншіледі.

Айта кетейік, дарынды балуан Асылжан Есенгелді Келес ауданында туып-өскен. Ол – Түркістан облысының Шынболат Райханов басқаратын жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірті. Спортшыны әлемдік додаға спортшыны жан-жақты дайындауда еркін күрестен облыстың аға бапкері Ерлан Сатымбеков пен жаттықтырушылары – Бекбаев Мақсат пен Роллан Кешубаевтің де еңбектері зор.

Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтың айтуынша, облыстың спорт мекемелерінде спорттың 61 (29 олимпиадалық, 32 олимпиадалық емес) түрі дамытылып, онда 2426 жаттықтырушы 60 мыңға жуық шәкіртті шыңдап жатыр. 2023 жылдың 9 айында облыс спортшылары спорттың 61 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарына қатысып, 375 алтын, 271 күміс, 277 қола, жалпы 923 медаль жеңіп алды.

Азия чемпионаттары мен кубоктарында 90 алтын, 56 күміс және 33 қола медальға қол жеткізсе, әлем чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 49 алтын, 27 күміс және 11 қола медальға ие болды. Ал жуырда аяқталған жазғы Азия ойындарында түркістандықтар 2 күміс, 2 қола еншілеген. 2024 жылы Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына облыстан 11 үміткер спортшы дайындалуда.

2023 жылға дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесін 42 пайызға жеткізу көзделсе, шұғылданушылар саны 9 айдың қорытындысымен 888 804 адамға жетіп, облыстағы жалпы халықтың 41,63 пайызын құрап отыр.

Соңғы 5 жылда 45 спорттық нысан бой көтерген. Мәселен, 2019 жылы Түркістан қаласында «Олимпиадалық резервін дайындау орталығы», 2020 жылы UEFA-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған «Turkistan Arena» стадионы қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, 2021 жылы «Olympic Center» спорт кешені ашылса, 2022 жылы халықаралық теннис орталығы ел игілігіне тапсырылды. Елімізде теңдесі жоқ орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап және балалар ойын алаңы бар.

Бүгінде Түркістан қаласы спорт орталығына айналып келеді деуге әбден негіз бар. Сөзіміздің бір дәлелі – Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысу үшін мүмкіндік жасалып отыр. Мұз сарайының құрылысы таяуда аяқталды. Спорт кешені 1200 көрерменге арналған, 30×60 метр көлеміндегі мұз айдынында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, балалар арасында шорт-трек сайыстарын тамашалауға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, қазіргі таңда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің қайта құру жұмыстары жүргізіліп, олимпиадалық үлгідегі ескек есу каналы бағытындағы спорт кешені бой көтеріп жатыр. Бұдан бөлек, өңірдегі аудандарда демеушілер, жеке кәсіпкерлер немесе ауыл тұрғындары тарапынан спорттық кешендер, футбол алаңдары, стадиондар, жаттығу және күрес залдары, жабық спорт кешендері қолданысқа берілген. Жалпы, өңірде тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қазіргі таңда облыста спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл өңірдегі халықтың 39 %-ын құрап отыр.

Облыс әкімінің бұқаралық спортты дамыту, халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту және салауатты өмір салтын насихаттау тапсырмасына сәйкес, Келес ауданында да бірқатар оң өзгерістер орын алып келеді. Бес жыл көлемінде аудан аумағында 9 кіші футбол алаңшалары ел игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар, биыл Абай ауылында тағы бір жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. Аталған нысанның құрылысы 2024 жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ спорт саласын дамыту мақсатында түрлі спорттық сайыстарда аудан жастары облыста және әлемдік ареналарда намысты додаға түсіп, ел мерейін арттыруда. Келестік спортшылардың қатарында 19 жасар Санжар Ташкенбай биыл бокстан әлем чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ еркін күрестен Есенгелді Асылжан қатысып, Қазақстан чемпионатынан І-ші орын алып, намысты қолдан бермей келеді.

Тұрғындарды спортқа баулу үшін алдымен спорт мекемелерінің базасы жақсы болуы керек. Содан барып спортқа қызығушылық танытатын тұрғындардың саны арта түсуі анық. Түркістан облысында 59 спорт түрі бойынша 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 72 спорт мекемесі бар. Онда жалпы саны 51 мыңнан астам спортшы тіркелген.

Өңірде өткен жылдың қорытындысы бойынша 4643 спорт ғимараты жұмыс істеді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар. Биылдың өзінде Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп-интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы  үлгідегі спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарда бар.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі. 

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 1334 рет