Салтанатты жиында Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркі елдерінің басын қосқан спорт додасының маңызды екенін атап өтті.
– Түркі әлемінің рухани астанасы, қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Өздеріңізге құшағын ашып, көңілін жайып отырған қаламыз – ежелден түркі әлемінің маңызды орталығы болған. Бүкіл түркі дүниесіне әйгілі ойшыл, ұлы ұстаз – Қожа Ахмет Ясауи осы шаһарда өмір сүрген. Түркістан – бірнеше ғасыр Қазақ хандығының астанасы болды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында қазақтың 21 ханы, сұлтандары мен батырлары жерленген. Бүгін осы қасиетті топырақта бауырлас елдерімізді қарсы алу – біз үшін үлкен мәртебе, мақтаныш. Түркі елдерінің екінші универсиадасы жоғары деңгейлі халықаралық жарысқа айналып отыр. Бүгін түркі әлемінің 6 мемлекетінен талантты спортшылар жиналды. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін! Сіздер сан ғасырлар әлемді мойындатқан Ер түріктің ұрпағысыздар! Осыдан 3 күн бұрын елордамыз Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммиті өтті. Оған түркі мемлекеттерінің басшылары қатысып, бауырлас елдер арасындағы татулықты нығайту жолындағы маңызды шешімдер қабылдады. Екінші Түркі Универсиадасының да мақсаты – осы. Біз барлық бауырлас елдермен жан-жақты қарым-қатынасты нығайту үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Түркі елдерін жақындататын ауқымды жобаларды жалғастырамыз. Баршаңызды Универсиаданың басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Біздің жастарымыз әлемдік жарыстарда әрқашан жеңіске жете берсін! Түркі әлемі жасай берсін! – деген Дархан Сатыбалды жарысты тарихи шаһарда өткізуге қолдау көрсеткені үшін Түркі мемлекеттері ұйымы мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшылығына алғысын білдірді.
Жарыстың ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Алдымен «Спорт, спорт» хореографиялық театрландырылған композициясы көрермен назарына ұсынылса, «Ынтымақ мекені» хореографиялық театрландырылған қойылым арқылы түркі елдерінің бірлігі насихатталды. Сонымен бірге Түркістан облысының талантты өнерпаздары «Қазақ елі осындай», «Түркістан», «Ақ қурай», «Тұран даласы» әндерімен жұртшылықтың рухын оятты.
Түркістан қаласында өткізілген Түркі мемлекеттері ұйымының студент спортшылары арасындағы ІІ Түркі универсиадасына Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Мажарстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 500-ге жуық спортшы қатысты. Олар шахмат, үстел теннисі, волейбол, дзюдо, футзал, грек-рим күресі, еркін күрес спорт түрлері бойынша жүлделерді сарапқа салды. Сайыстар «OLIMPIC CENTER» спорт кешені мен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өтті.
10 қарашада 4 күн бойы түркі тілдес мемлекеттердің назарында болған II Түркі универсиадасының жабылу салтанаты өтті. 5-қараша күні түркі жұртының астанасы – Түркістан қаласында бастау алған II Түркі универсиадасына Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Мажарстаннан 500-ден астам студент-спортшы қатысты. Жас спортшылар 7 спорт түрінен: үстел теннисі, шахмат, волейбол, футзал, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі бойынша өзара бәсекеге түсті.
Жабылу салтанаты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау видео-ролигімен басталды. Министр өз тілегінде: «II Түркі универсиадасы – бауырлас елдердің ынтымағы мен бірлігін, татулығы мен достығын тағы да паш етті. Бұл сайыс спорттық бәсекемен қатар, шынайы достықтың да жарқын үлгісін көрсетті. Түбі бір түркі халқының тарихы мен дәстүрі, қуаты баршамызға ортақ мығзымас құндылық екені сөзсіз»,-деді.
Өз кезегінде қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков: "Спорттық сайыстар — қайрат пен намысты ұштайтын, бойға қуат, жүрекке сенім, білекке күш беретін рухты әлем десек, бұл Универсиаданы тарихы тамырлас түркі жұртының студенттері бас қосып, ынтымақтастықты арттыратын маңызды шара деп білеміз", дей келе универсиада жеңімпаздарын құттықтады.
Сондай-ақ, универсиада да жеңіске жеткен барлық мемлекет спортшыларын құттықтап, әрбірі өз елінің мақтанышы, үміт артқан ұрпағы екенін жеткізді.Кеш Түркі универсиадасының туын келесі елге табыстау рәсімімен жалғасты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы мен Қазақстан Ұлттық студенттік спорт одағының вице-президенті Мұхтар Есқалиев III Түркі универсиадасын өткізу үшін туды Қырғызстан Республикасы өкілдігіне салтанатты түрде табыс етті.
Түркі универсиадасының жабылу кеші арнайы концерттік бағдарламамен жалғасты. Атамекен ұлт аспаптар фольклорлық ансамблі Дәулеткерейдің күйі «Көрұғлы» мен түркі халықтары музыкасынан попурри орындап, көптің рухын көтеріп, зор қошеметке бөленді. «Би сұлтан» би ансамблі II Түркі универсиадасы бауырластық пен ынтымақтың айқын көрінісі екенін дәріптейтін «Достық» биін мың бұрала биледі. Түркістанның әнұранына айналған – «Түркістаным Тұраным» әнін жиылған көрермен қосыла шырқады.
Осылайша достық пен татулықты бейнелеген, бауырлас елдердің спорттық дүбірлі додасы өз мәресіне жетті. Көңілді кеш түркі тілдес мемлекеттердің бір-біріне деген шексіз құрметі, ыстық ықыласы мен ізгі тілегінің көрінісін бейнелеп, баршаға қуаныш сыйлады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат