– Біріншілік жоғары деңгейде өтті. Шахматтан мұндай бәсеке Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Осы орайда бізге қолдау білдірген Шымкент қаласы әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Бұл чемпионатта жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды Әлем және Азия біріншілігі, сондай-ақ Батыс елдерінің халықаралық турнирлеріне жібереміз, – деді атқарушы директор.
Жиын басында 10 күнге жалғасқан сайыстың жарқын сәттері таспаланған бейнеролик көрсетілді. Осы сәтте жас спортшылар мен ата-аналар ерекше қуанышқа бөленіп, жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды ресми марапаттау басталды.
Марапаттау кезінде Шымкент қаласынан 6 жасқа дейінгі ұлдар арасында рапид түрінен 3-орын иесі Аслан Ендібаев, 8 жасқа дейінгі қыздар арасында блиц түрінен 2-орын алған Айару Нұрбол және 10 жасқа дейінгі қыздар арасында блиц түрінен күміс жүлдеге қол жеткізген Нұрсая Жұмабек жеңіс тұғырына шықты. Еске салсақ, республикалық бәсекеде шахматтың классикалық, рапид және блиц түрінен 6, 8, 10 және 12 жасқа дейінгі 600-ден астам спортшы бақ сынады.
Дерек көзі – Шымкент қаласы әкмінің баспасөз қызметі