Шаршы алаңдағы волейбол бәсекесіне облыстың аудан-қалаларынан 13 команда 169-қа тарта бұрымдылар қатысты. Бұл облыс біріншілігінде 2007-2008 жылы туылған жасөспірім қыздар өз өңірлерінің намысын қорғады.
Екі күнге жалғасқан спорттық ойында арулар бар күш-жігерлерін ортаға салды. Ойын барысында Түркістан қаласы, Ордабасы, Қазығұрт, Отырар аудандарының қыздары мықтылықтарын көрсетіп, жүлделі орындарға таласты.
Нәтижесінде 3-орын үшін тартыста Қазығұрт пен Отырар ауданының командалары кездесіп, 2:0 есебімен қазығұрттық арулар жеңіске жетіп, қола медальді місе тұтты. Ал, ақтық сында Түркістан мен Ордабасы бұрымдылары кездесті. Тартысқа толы ойында алаң иелері Түркістан қаласының құрамасы қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктіріп, облыс чемпионатының жеңімпазы атанса, Ордабасы ауданының бұрымдылары 2-орыннан көрінді.
Волейболдан жасөспірім қыздар арасында Түркістан облысының аға жаттықтырушысы Құрбанбай Оспановтың айтуына қарағанда, осы жарыста шеберлігімен көзге түскен арулар облыс құрамасына шақырту алып, наурыз айының
20-27 күндері Өскемен қаласында өтетін ел чемпионатында өңір намысын қорғайды.