Алайда бұл бағыттағы жұмысты әлі де күшейту керек. Аталған мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Өңір басшысы олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға басымдық беріп, типтік үлгідегі спорт кешендерін салуды тапсырды.
– Спорт саласында Түркістан облысының өз басымдықтары болуы тиіс. Олимпиада бағдарламасына енген белгілі бір спорт түрлеріне маманданып, нәтиже шығаратындай жағдай жасайық. Ол үшін барлық аудан, қалада типтік үлгідегі спорт кешенінің жобасын ұсыныңыздар. Сараптайық, қарап шығайық. Екіншіден, спортта әр ауданның өз ерекшелігі, басымдығы болуы тиіс. Мысалы, Шардара қол күресін жақсы дамытты, Түлкібаста күрес жақсы жолға қойылған. Осы жағын да зерделеп, нақты жоспар жасауды тапсырамын. Спорт кешендерін салуға инвесторларды да тартқан жөн. Бірақ нысан салатын аумақты әкімдіктер ұсынып, қадағалауы тиіс. Спорттың нысандар салу, инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасады, – деген Дархан Сатыбалды спорттық инфрақұрылыммен қамту көрсеткіші төмен аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширатуды ескертті.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтың айтуынша, облыста спорт инфрақұрылымын саралау нәтижесімен ауылдық жерлерде спорт нысандарын қажет ететін 96 елді мекен анықталып отыр. Талапқа сай емес спорт нысандары сарапталып, есептен шығарылуда. Былтыр «Ауыл – Ел бесігі» республикалық жобасы аясында өңірде 7 нысан (Бәйдібек – 2, Созақ – 1, Төлеби –1 Жетісай – 2, Мақтаарал – 1) құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. 2024 жылы 12 нысан құрылысы аяқталады.
2023 жылы аудан, қалаларда 44 нысан жеке инвестициялар есебінен салынып, пайдалануға берілді. Инвестиция көлемі – 3 млрд. 939 млн. теңге. Былтыр спорт мекемелері ғимараттарында 5 ағымдағы және 1 күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы 3 мекемеге 56 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Мәжілісте ескек есу каналының құрылысын жалғастыру мәселесі де қаралды. Жоба толық жүзеге асу үшін қаражат керек. Ұсыныстар қарастырылады. Сонымен бірге халықаралық талапқа сай атшабар мен Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің құрылысы да талқыланды. Атшабарда ат спортын дамытуға, ірі жарыстар, бәйгелер, көкпар бәсекесін өткізуге барлық жағдай жасалмақ.
Жанкүйерлер секторы да заман талабына сай жасақталады. Жарықтандыру жүйесі жасалып, балаларды атқа мінуге үйрететін орын да жасақталмақ. Ал Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Биыл жазда тапсырылады деп күтіліп отыр. Облыс әкімі аталған нысандардың құрылысын сапалы әрі уақтылы аяқтау жөнінде тапсырма берді.
Айта кетейік, Түркістан облысында 100 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелері мен кәсіпорындары тіркелген. Онда 61 (29 олимпиадалық, 32 олимпиадалық емес) спорт түрі дамытылып, 2426 жаттықтырушы 60173 баланы кәсіби түрде спортқа баулып жатыр.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат