Сенбі, 20 Қазан 2018 13:02

Түркістан облысы: Шардарада қол күресшілерге ескерткіш орнатылды

Шардаралық спортшылар аудан орталығынан «Чемпиондар аллеясын» ашып, ортасына қол күресшілердің ескерткішін орнатты. Себебі ауданда армспорт түрі жақсы дамыған. 

Халықаралық додаларда ел намысын қорғап жүрген жігіттер туған жерді түлетуді де естен шығармаған. Бұрын бос жатқан алаңды қоршап, 250 түп ағаш отырғызды. Бүгінде Шардара мен қол күресі сөз болса, міндетті түрде Арман Қарсыбаевтың есімі қатар аталады. Құрыш білекті жігіт 2000 жылдары аудандағы өзі құралпы жастарды жиып, армспорт мектебінің негізін қалаған. Талай биік белестерді бағындарған намысты жігіт демеушілердің көмегімен үлкен мектеп ашып, шәкірт тәрбиелеп жатыр. 

«Өзімізге жеке қол күресі залы салынған. Алдында кішкентай залда жаттығатын едік, қазір үлкен залда жаттығамыз. Қазіргі таңда 700-800-ге тарта жасөспірім спортшы дайындалып жатыр. Қазан айында Түркияның Анталия қаласында әлем чемпионатына дайындалу үстінде. Құдай қаласа, әлем чемпиондары бұдан да көбейеді деген сенімдеміз» - дейді Түркістан облыстық №4 спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Нұржан Тұрақұлов.

Қол күресінен әлем чемпионы, шардаралық Қыдырғали Дүйсенбекұлын бүкіл дүниежүзі таниды. Ол – 2015 жылы Кореяның Сеул қаласында өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы. Сол жерде Оңтүстік Кореяның ұттық турниріне де қатысып, демалмастан кореялық 37 спортшыны жеңген видеосы әлемді шарлап кеткен болатын. Танымалдылығы бір күнде артқан Қыдырғали бұның барлығын «еңбектің жемісі» дейді.

«Ол жерде ұтылған кетіп, ұтқан қала береді. Турнирдің шарты сондай екен. Жарысқа қатысушылар маған кезегімен келді, бәрін жеңдім. Ол видеоға түсіргенін білемін, бірақ тарататынын білген жоқпын. Өзім күтпеген жағдай болды. Таңғалып, қайта-қайта қолымды ұстап, қалай дайындаласыңдар деп, кейін кореялық спортшылар өздері келіп қалай дайындалатынымызды көріп кетті» дейді Қыдырғали Дүйсенбекұлы.

Қазір Шардарадағы облыстық армспорт мектебінде қол күресі, ауыл атлетика, кір тасын көтеру үйірмелері жұмыс істейді. Онда мыңнан аса жас өрендер дайындалып жатыр. Шардара ауданы армрестлинг спортының отаны іспетті. Өйткені қол күресінен еліміздің ұлттық құрамасының сапында өнер көрсететін қыз-жігіттердің барлығы осы Шардараның шағылында шыңдалған спортшылар. Бүгінге дейін ауданнан спорттың осы түрі бойынша 24 әлем чемпионы, 26 әлем кубогының иегері және 157 Азия чемпионы шыққан. Даңқты спортшылар спортпен ғана шектеліп қалмай, туған жерді түлетуді де өздеріне парыз санайды. Шардарадағы №2 мөлтек ауданнан «Чемпиондар аллеясын» ашып, ортасына қол күресшілердің ескерткішін орнатқан. Бұрын бос жатқан жерді қоршап, 250 түп ағаш отырғызыпты.

«Бұрын осы жерлер қоқыс төгетін жер еді. Арман баламыздың арқасында осы жерді қолға алып, мына ғимараттарды салды. Спортқа қатысқаннан кейін балалар көшеде қаңғырып жүрмейді. Ұрлық-қарлық деген нәрсе жоқ» дейді жергілікті тұрғындар.

Бірлігі бекем, тірлігі тас-түйін ауданда кісі қызығарлық дүниелер көп. Соның бірі оқушылардың мектепке барар жолына асфальт төселіп, жарық шамдар орнатылған. Көше бойына 20 шардаралық чемпионның билбордын іліп, жас ұрпаққа үлгі етіпті. Жалынды жігіттер тағы да қосымша спорт ғимаратын салып, болашақ чемпиондардың қатарын көбейтпек.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1175 рет