Дүйсенбі, 22 Қазан 2018 21:35

Түркістан облысы: жеңімпаздарға құрмет толастамайды

Балтық жағалауы елінде өткен гір көтеруден әлем чемпионатында жеңіске жеткен шардаралық спортшыларға деген құрмет одан әрі жалғасып жатыр. Спорттың осы түрі бойынша шағалалы өңірден шыққан тұңғыш әлем чемпиондары Медет Оңалбекұлы мен Нұрболат Ергеш, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бақдәулет Шынтановтай даңқты спортшыларды өздері жаттығатын облыстық №4 ОРМБЖСМ ұжымы да құттықтады. 

Мектеп директоры Арман Қарсыбаев өз шәкірттерінің үздік нәтиже көрсетіп, биік белесті бағындырған ерліктерін көп алдында атап өтіп, «Алғыс хаттармен» және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Мұндай құрмет гір көтеру спортының жаттықтырушысы Мұхан Әбдірахановқа да жасалды.

– Сендердің есімдерің гір көтеру спортынан шыққан тұңғыш әлем чемпиондары ретінде ауданның тарихында да, біздің спорт мектебінің тарихында да қалатын болады. Қазіргі таңда Түркия елінде қол күресінен әлем чемпионаты басталып жатыр. Бұл дүбірлі жарысқа да біздің мектептің спортшылары қатысып, еліміздің құрама сапында өнер көрсетуде. Шәкірттеріміз бұл сайыстан да үлкен олжамен келеді деп отырмыз. Жеңістерің тағы да құтты болсын! – деді Арман Романұлы.

Айта кетейік, Шардара топырағында жаз айында ашылып, өз жұмысын бастаған облыстық №4 олимпиада резервіне мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бүгінгі таңда барлығы 1200 оқушы жаттығады. Олардың арасынан Медет пен Нұрболаттың, Бақдәулеттің жеңісті жолдарын жалғастыратын жеңімпаз ұл-қыздар шыға беретініне спорт мектебінің ұстаздары бек сенімді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1053 рет