Бұл ретте тұрғындардың да белсенділік танытуы маңызды. Ол үшін ең алдымен мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуы керек.
Бүгінде Шымкентте дене шынықтыру мен бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға ден қойылған. Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау мақсатында серуендеу алаңдары мен түрлі орталықтар пайдалануға берілуде. Саябақтар мен қоғамдық орындар да азаматтардың жаттығу жасап, дене шынықтыруына қолайлы жасалуда.
Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасы бойынша жүгіру және веложолы бар жаңа серуендеу алаңы пайдалануға берілді. Жол бойында бірнеше жаттығу алаңдары салынған. Жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылды. Қазір Нұрсәт шағынауданында, қала әкімдігінің жанындағы саябақта тағы бір жүгіру жолы салынуда.
Айта кетейік, Президент тапсырмасын жүзеге асыру аясында жыл басынан бері Шымкентте салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында 97 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 11 мыңнан астам адам қатысты. Қазіргі таңда мегаполисте 33 спорт ұйымында 74 спорт түрі дамып келеді.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін «SPORT LIFE» шағын футбол орталығын және үш спорт залы бар «ЕЛАМАН» спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бүгінде үшінші мегаполисте 33 спорттық ұйым жұмыс істеп тұр. Оның 16-ы балалар-жасөспірімдердің және біреуі мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебі. Одан бөлек, жоғары спорт шеберлігіне арналған, Олимпиада резервін даярлау орталығы, кәсіби спорт клубы, су-спорт кешені мен мемлекеттік жеке әріптестік аясындағы спорт нысандары бар. Аталған мекемелерде спорттың 74 түрі дамытылып келеді. Оның 37-і олимпиадалық, 28-і олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрлері. Сондай-ақ 18 490 спортшы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізіп жатыр.