Сейсенбі, 15 Қазан 2024 12:55

Шымкенттік Диас Тойшыбек әлем кубогында үздік бестік қатарынан көрінді

Сомбатхей қаласында (Венгрия) аяқталған спорттық гимнастикадан әлем кубогында Қазақстан құрамасы екі алтын медаль жеңіп алды.

Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасы Венгрияның Сомбатхей қаласында 1-10 қазан аралығында өткен challenge сериясының Әлем Кубогында екі жоғары сынақ медалімен марапатталды. Құрмет тұғырының жоғарғы сатысына Асан Сәлімов пен Дарья Ясинская көтерілді. Финалдың алғашқы күнінде Дарья Ясинская қол тіреп секіру жаттығуында жүлдеге таласып, 13.166 ұпаймен тұғыр биігіне көтерілді. Бұл - 20 жастағы Дарья үшін Challenge Cup жарысының алғашқы медалі.Артынша ерлер арасындағы қол тіреп секіру жаттығуында Асан Сәлімов ел намысын қорғап, 14.300 ұпаймен қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. Ал гимнастикалық ат снаряды жаттығуында Азиз Иляьсов 4-орынға тұрақтаса, Диас Тойшыбек керме жаттығуында үздік бестік қатарынан көрінді.

Осымен 2024 жылғы Challenge Cup жарыстары сериясы аяқталды. Биыл жарыс Анталья, Осиек, Варна, Копер және Сомбатхей қалаларында өтті.

Айта кетейік, спорттық гимнастикадан әлем кубогы-Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) қолдауымен өткізілетін халықаралық жарыстар сериясы. Гимнастикадан әлем кубогының сериясы екі сериядан тұрады, беделдің екі деңгейі: World Cup және Challenge Cup. World Cup-желтоқсаннан сәуірге дейінгі бес кезең. Осы сериядағы жарыстарға жетекші гимнасттар шақырылады. Қатысушыларды іріктеу соңғы әлем чемпионатының (немесе Олимпиада ойындарының) нәтижелері бойынша жүргізіледі. Әр кезеңге осылайша іріктелген сегіз спортшы және қабылдаушы федерациядан (осы кезең өткізілетін ел Федерациясы) wild card бойынша бір спортшы қатысады. Қатысушылар көпсайыста бір раундта жарысады (біліктілік жарыстары жоқ). Challenge Cup - спортшылар көпсайыстың жекелеген түрлерінде жарысатын кезеңдер сериясы.

 

Оқылды 99 рет