Сәрсенбі, 30 Қазан 2024 22:21

Шымкент әкімі мен Фиде Президенті шахматты дамыту мәселелерін талқылады

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Халықаралық шахмат ұйымының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворковичпен маңызды кездесу өткізді. Кездесудің басты тақырыбы – Шымкентте шахмат спортын дамыту болды.

Тараптар шахматты оқыту әдістемелерін жетілдіру, қалада турнирлер ұйымдастыру, жаттықтырушылар мен педагогтардың біліктілігін арттыру мәселелерін талқылады. 

Қазақстанда шахмат спортына ерекше көңіл бөлінеді, әсіресе, балалар мен жастар арасында шахматтың танымалдығы артып келеді. Қазіргі таңда қазақстандық шахматшылар халықаралық деңгейде ел намысын абыроймен қорғап, әлемдік аренада табысқа қол жеткізіп жүр.

Шымкент қаласында да шахматқа қызығушылық артып келеді. Жыл сайын қалада шахмат секцияларының саны көбейіп, бұл спортты насихаттау бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Шахматты дамыту шаралары интеллектуалды ұлт қалыптастыруға, жас буынның ойлау қабілетін арттыруға үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

Кездесу соңында Ғабит Сыздықбеков ФИДЕ президентіне Қазақстанда шахматты қолдау мен дамытуға қосқан үлесі мен ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді.

 

Оқылды 344 рет