Сәрсенбі, 30 Қазан 2024 22:48

Шымкентте боз балалар арасында тай көкпары өтті

Көкпар - ат үстінде еркін өскен әр қазақтың жаны. Түркі тілдес мемлекеттердің ертеден келе жатқан , және әзірге дейін сақталған ат спортының ішінде ең бірегейі. Содан да болар көкпар десе деребесі қозбас қазақ жоқ. «Ер қанаты – ат» деп білетін қазақтың алты жасар баласы да ат құлағында ойнайды. Сексеннің сеңгіріне шыққан қарияның өзі тіксінбей додаға түседі. Қазіргі заманда ата-баба дәстүрін жалғастыру үшін көкпарды насихаттайтын ірілі-ұсақты жарыстар ұйымдастырып, жүйелі түрде жұмыс жүргізудің маңызы зор. Бұл іс, әсіресе, еліміздің үшінші мегаполисі — Шымшаһарда мықтап қолға алынған.

Мәселен, күні кеше ҚР мәслихаттарының 30 жылдығына орай Шымкентте алғаш рет боз балалар арасында дүбірлі дода «Тау тұмар» атты тай көкпары ұйымдастырылды. 

Бұл бәсекеге республиканың түкпір-түкіпірінен 1000-нан аса жасөспірімдер келіп қатысты. Тіпті көршілес Қырғыз елінен де қатысушылар келді. 

Тай көкпардың мақсаты - балаларға көкпар ойынын сезіндіру, ат үстінде шеберлікті шыңдау,тәжірибе көрсету. Көкпар тартуға күш, еп, білек пен біліктілік керектігін насихаттау. Ал аталмыш көкпарға балалар жастығына қарамастан, додаға атойлап, тайсалмай кірді. Төрешілердің айтуынша көкпар тартатын баланың жасы 11-13 жас, тай 1 жасар болуы шарт.

Жалпы, елден бата алу үшін көкпар беру атадан балаға жалғасып келе жатқан асыл мұра. Сондай-ақ, ұлттық ойындарымызда халықтың өмір сүру әдісі, тұрмыс-тіршілігі, ұлттық дәстүрлері, батырлық-батылдық туралы түсінігі қамтылып, халықтың асыл мұрасын баланың бойына сіңіру қарастырылған. Сонымен бірге адалдық пен күштілікке ұмтылу, шыдамдылық, төзімділік, сабырлық секілді құндылықтарға мән берілу байқалады. Мұның бәрі – халық данышпандығының белгісі. Буыны бекіп келе жатқан балаларды мергендікке, шапшаңдыққа, ептілікке баулитын спорттық ойындарымыз да баршылық. Үлкенге де, кішіге де арналған, өмір бойы құндылығын жоғалтпайтын ойындар да жетерлік. Солардың бірі - осы тай көкпар. Боз балалар көкпар ойынының көрігін қыздырып, өздерінің ептіліктерін байқатты. 

Нәтижесінде, ұлттық спорттың болашағы – жас шабандоздардың мықтылығы сарапқа салынған додада әр салымға ақшалай сыйлық берілсе, өгіз өлдіге көлік тігілді.

Отбасында ер бала туылғанда, «ат ұстарым» «қамшы тартарым»  деп атқа мінгізіп, көкпар алдырып, баланы додаға түсіруде де үлкен тәрбиелік мәнге ие. Жігіт денесі мығым, сергек болады деген ниетпен бала кезінен атқа мінуге баулиды. Демек, көкпар мен қазақты бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым деуге толықтай негіз бар! 

 

Оқылды 360 рет