Сейсенбі, 22 Қазан 2024 23:58

Шымкент: Қазақ күресінің бапкерлері марапаттан тыс қалмады

Бүгін қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков қазақ күресі федерациясының қызметкерлері мен жаттықтырушыларына жиналыс өткізді.

Жиналыс барысында қазақ күресінен жаттықтырушылар 26 қазанда өтетін “Қазақстан барысы” республикалық турниріне қатысатын спортшыларымыздың дайындығы туралы жоспарларымен бөлісті.

Сондай-ақ, Республика күніне орай, осы уақытқа дейін мирас болып жеткен ұлттық құндылығымыз, қазақ күресінің өркендеуіне сүбелі үлесін қосқаны үшін бірқатар қазақ күресінің жаттықтырушыларына алғыс хат табысталып, Шымкент қаласының “Қазақ күресі” федерациясының төрағасы Балтабай Асанның атынан аға жаттықтырушы Абылай Шағыраевқа 4,5 млн теңге ақшалай сертификат берілді.

 Сонымен бірге, басқарма басшысы қалалық “Қазақ күресі” федерациясының төрағасы Балтабай Асанға сый құрмет көрсетіп, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының PR-менеджері Берік Сұлтанның иығына шапан жапты.

Жиналыс соңында басқарма басшысы Маратбек Сәменбекұлы жаттықтырушыларға республикалық турнирге қатысатын спортшыларымыздың дайындығын тыңғылықты қадағалап, жеңіс тұғырынан көрінуіне сәттілік тіледі.

Айта кетейік, республикалық турнирге Шымкент қаласының атынан Мұзаппаров Ерсұлтан мен Қожагелді Нұрсұлтан қатысады. Сондай-ақ әскер барысы Байкамуров Маратта бұл турнирге жолдама алды. Ал төрешілер қатарында қаламыздың атынан Олжас Кенеханов төрелік етеді.

 

Оқылды 109 рет