Дүйсенбі, 11 Қараша 2024 10:28

Шымкенттік спортшылар олжамен оралды

Джиу-джитсу сөзінің өзі мойынсұнуды, яғни «жеңу үшін мойынсұнуды» білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, бұл күрес пен өзін өзі қорғаудың әмбебап өнері.

Джиу-джитсумен айналысушы адамның психикасын анатомияның биофизиканы жақсы білуге тиіс. 

Осы спорт түрінен қараша айының 6-8 аралығында Біріккен Араб әмірлігінің астанасы Абу - Даби қаласында жасөспірімдер арасында джиу - джитсу спорт түрінің он алтыншы Әлем біріншілігінде шымкенттік жас спортшыларымыз алтын алқа тақты. Әуежайдан әлем чемпионатының жүлдегерлерін ата - аналары мен жанкүйерлері салтанатты түрде күтіп алды.

“Advance” спорт мектебінің спортшылары 9 алтын, 2 күміс, 1 қола иеленіп, ел мерейін үстем етті. Әмірхан Дастан, Нұрлан Ержан, Сәкен Саянды әуежайдан күтіп алушылардың қарасы қалың. Бәрі чемпиондарды тағатсыздана күтуде.

Дастан Әмірхан биылғы жылы  екі дүркін әлем чемпионы атанды.  Былтыр 26 келі салмақ дәрежесінде сайысып, чемпион атанса, биыл 30 келі салмақ дәрежесі бойынша қарсыластарын шақ келтірмеді.

 Нұрлан Ержан мен Саян Сәкен де көк туымызды көкте желбіретіп, ел намысын қорғаған чемпиондар. Жас спортшылардың армандары асқақ, мақсаттары айқын.

Дастан Әмірханның алғашқы қарсыласы Біріккен Араб әмірлігінің спортшысын 3:0 ұпайымен жеңіп, келесі айналымға өтті. Ал финалдық кездесуде Дастан Кувейт елінің спортшысын 9:0 есебімен айқын жеңіп небәрі 8 жасында екі дүркін Әлем чемпионы атанды.

Айта кетейік, Абу-Дабидегі джиу-джитсудан әлем чемпионатына әлемнің үздік спортшылары келген.  Жалпы алғанда әр түрлі жастағы, регалиядағы, белбеудегі және әр салмақ дәрежесінде 10 000-нан астам спортшыны жинады. Оған әлемнің 60-қа жуық елінің спортшылары бақтарын сынады.

Ұйымдастырушылар жарыс спортшылардың шеберлігін көрсету мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар мәдени алмасу мен халықтарды жақындастыруға арналған алаң екендігін айтуда.

Абу-Дабиде жыл сайын өтетін джиу-джитсу чемпионаты, әсіресе, бразилиялық джиу-джитсу (BJJ) бойынша әлемдік деңгейдегі жарыс ретінде кеңінен танымал. Бұл чемпионат әлемнің әртүрлі елдерінен келген ең мықты спортшыларды жинайды. Сонымен қатар, Абу-Дабиде Бразилиялық джиу-джитсу бойынша әлем чемпионаты (Abu Dhabi World Professional Jiu-Jitsu Championship) жиі өтеді.

Бұл жарыс джиу-джитсу спортында маңызды орынға ие, себебі ол спортшыларға халықаралық деңгейде таныс болуға, өз шеберліктерін көрсетуге және түрлі марапаттар мен жүлделер ұтып алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Абу-Дабидегі бұл чемпионат джиу-джитсу әлеміндегі ең маңызды оқиғалардың бірі болып саналады.

Абу-Даби осы спортты дамытуға және қолдауға үлкен үлес қосып келе жатқан қала, оның ішінде түрлі академиялар, жасөспірімдер мен ересектерге арналған бәсекелер, жаттығу лагерьлері және басқа да іс-шаралар өткізіледі.

Қазақстандық джиу-джитсу спортшылары Абу-Дабиде өтетін әлемдік чемпионаттарға жиі қатысады. Қазақстан бразилиялық джиу-джитсу (BJJ) бойынша белсенді дамып келе жатқан елдердің бірі болып табылады және отандық спортшылар әлемдік аренада жақсы нәтиже көрсетуде.

Бүгінде Абу-Дабиде өтетін жарыстарға еліміздің жетекші спортшылары қатысып, бірнеше рет медаль алған. Қазақстандық джиу-джитсу федерациясы мен спортшылар әлемдік деңгейде танылуға және еліміздің атын шығару мақсатында белсенді түрде дайындық жүргізеді.

Бұл чемпионатта қазақстандық спортшылар әртүрлі салмақ дәрежелерінде және категорияларда бәсекелеседі.

 

Оқылды 181 рет