Жұма, 22 Қараша 2024 11:14

Шымкент әкімі мәдениет пен спорт салаларын дамыту туралы баяндады

Мәдениет саласында да ілгері жылжу бар. Қалада халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізілетін көпфункционалды 2 066 орындық Конгресс холл пайдалануға берілді.  Жергілікті бюджет есебінен қала орталығынан шалғай орналасқан 4 елді мекенде жаңа мәдениет үйлері іске қосылды. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен есеп беру кездесуінде айтты.

 

Мегаполистің мәдени өмірін жандандыру және тұрғындардың өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында, саябақтар мен мәдениет үйлерінде «Шымқала кештері» мерекелік іс-шаралары өткізіліп келеді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының» 95 жылдығына орай, IХ Орталық Азия елдерінің халықаралық театры фестивалі өтіп, оған 7 мемлекеттің белгілі театр өкілдері қатысты. 

Қаладағы өзекті мәселенің бірі – көше атауларын беру. Мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келген. 

Көмек көрсету қызметтерін шақыру кезінде көше атауларының болмауы қиындықтар туғызған. Осыны ескеріп, атаулары қайталанатын және идеологиялық тұрғыдан ескірген 377 көшеге, 6 шағын аудан, 1 саяжай және 1 аллеяға атау бердік.

Қала әкімі сондай-ақ спорт саласына тоқталды. 

«Спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан бұл саланың дамуына да ерекше мән беріп келеміз. Бүгінгі таңда бұқаралық спортпен шұғылданушылардың үлесі 42 пайызды құрап отыр.

Жыл басынан бері қала спортшылары Қазақстан, Азия және Әлем чемпионаттарына қатысып, жалпы 768 алтын, 642 күміс, 724 қола медаль жеңіп алды (2023 ж. тиісті кезеңінде 728 алтын, 583 күміс, 708 қола).

Биыл жергілікті бюджет есебінен құрылысы басталған 1 750 балаға арналған 2 спорт мектебінің біреуі пайдалануға беріледі (№12 мектепке қосымша құрылысы пайдалануға беріледі). 

Жеке инвесторлар есебінен 1 000 адамға арналған «ЕЛАМАН» спорт кешені пайдалануға тапсырылды. Жыл соңына дейін 500 адамдық «SPORT LIFE» шағын футбол орталығының құрылысы аяқталады. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықаралық деңгейдегі 35 мың орындық заманауи жаңа стадион құрылысы басталды. Қазіргі таңда жер жұмыстары жүргізілуде»,-деді қала әкімі.

 

Оқылды 218 рет