Жиналыс барысында спортшылардың жеткен биіктері жан-жақты сараланып, жас балуандар өздерінің жеңісті жолдары жайлы баяндады. Сонымен қатар, жаттықтырушылар қазақ күресінің дамуы, жас буынға спорттық тәрбиені нығайту бағытындағы ұсыныстарымен бөлісті. Шымкент қаласының қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі ерекше аталып өтті, бұл спорт түрін насихаттау жұмыстарын одан әрі жетілдіру керектігі айтылды.
Жас балуандардың жетістіктеріне тоқтала кетсек, 20-ға жуық спортшы республикалық турнирлерде бақ сынап, жүлделі орындарға ие болды. Әсіресе, чемпиондар лигасында Шымкент қаласының спортшылары ерекше өнер көрсетіп, 4 белбеу жеңіп алды. Бұл нәтиже командалық есепте екінші орынға тұрақтауға мүмкіндік берді.
Сонымен бірге, жуырда ғана өткен “Жас барыс” республикалық турнирінде де жерлестеріміз жақсы нәтиже көрсетіп, командалық есепте үшінші орыннан көрінді. Бұл табыстар жас балуандардың еңбекқорлығы мен жаттықтырушылардың қажырлы еңбегінің жемісі екені сөзсіз.
Кездесу соңында жас спортшылар алдағы жарыстарға дайындық жоспарын бөлісіп, қазақ күресінің жаңа белестерін бағындыруға сенім білдірді. Басқарма басшысы жас балуандарға сәттілік тілеп, Шымкент қаласының спорт саласына зор үміт артатынын атап өтті.