Жұма, 20 Желтоқсан 2024 12:16

Түркістанда «Кедергісіз келешек» жобасы аясында спорт сайысы өтті

Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі өтті. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының бастамасымен өткізілген фестивальге облыс әкімдігінің бірқатар басқармалары қолдау көрсетті. Фестивальдің ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімнің орынбасары Ертай Алтаев сөз алып, белсенді өмір салтын ұстануға бекінген балақайларға берекелі жеңіс жолын тілеп, жарыстан үздік шығуларына тілектестіктерін жеткізді.

Аталған шараның мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың дені сау құрдастары арасындағы достық байланыстарын нығайту, балалардың әлеуметтік белсенділігін, сенімі мен өзара сыйластықтарын арттыру. Фестивальдің Түркістан облысында өтетін кезеңінде Түркістан, Кентау қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандарынан барлығы 10 команда қатысты. Жарысқа әр ауданнан кіші және аға санат бойынша екі командадан қатыстырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапатталды.

Жаңа облыстың құрылғанына көп уақыт болмаса да, бүгінде біршама облыстарды басып озып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Облыста бұдан да жоғары нәтиже көрсету үшін, шалғай аудандардан, ауылдардан спорттық ғимараттар салынса дейміз. Әрине спорттық ғимараттар жоқ деп айтуға да болмайды, біршама ғимараттар қолданысқа беріліп, спортшыларға жаттығу жасауына мүмкіншілік жасалуда.

Облыстың спортын әлемдік деңгейде көтеру үшін, біз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өткендей, бұқаралық спортты дамытқанымыз жөн. Бұқаралық спортымыз дамымай, облыстың спортын әлемдік деңгейде көтеру мүмкін емес. Бірақ қазір де спортшыларымыздың бірқатары әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінуде. Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының 2021-2025 жылдарға арналған стратегиялық дамуға арналған салалық бағдарламасында белгіленген бағыттары бойынша дамуда. Осы орайда, спорт саласындағы басым бағыттарының бірі қазақстандықтардың дені сау ұлт болып қалыптасуы үшін дамытылуы тиіс жайт – ол бұқаралық спортты дамытып, көпшіліктің айналысуына жағдай жасау. Бұқараның спортпен айналысуы үшін спорт ғимараттары қолжетімді болуы тиіс. Бұл ретте Түркістан аймағында 1500-ден аса іс-шара өткізіліп, оған екі жүз мыңға жуық адам тартылды. Сонымен бірге ауылдық жердің азаматтары да қамтылды.

   «Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі» дегенді жиі айтамыз. Ол да негізсіз емес. Өйткені спорт адамға сергектік сыйлап, денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады. Оған қоса салауатты өмір салтын қалыптастыруда таптырмас тәсіл. Біздің елімізде де спортқа көңіл бөліп, бұл саланы мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып келеді. Сонау 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты мемлекет басшысының Жолдауында 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуды міндеттеп, бұқара¬лық спортты дамыту бойынша жұмыстарды ширату, оның ішінде спорт кешендерін қалпына келтіріп, жаңа нысандарды салу тапсырылған-ды.

Бұл шаралардың барлығы Қазақстан спортының әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көтеруге және еліміздегі бұқаралық спортты ілгері жылжытуға бағытталғаны белгілі. Еліміздің көптеген аймақтарында спорттық инфрақұрылымды дамытуға сол кезде қабылданған «Жол картасы» бағдарламасы да өзінің игі ықпалын тигізді. Одан кейінгі VІІ Қысқы Азия ойындары мен Универсиадаға арнайы салынған нысандар еліміздің спорт¬тық инфрақұрылымын едәуір нығайтты. Осы бағдарламаның аясында спорт нысандары жөнделді. Дене шынықтырумен, спортпен тұрақты шұғылданатын қазақстандықтардың қатары өсті. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, ат спорты, тағы да басқа ұлттық спорт түрлерін дамытуға айрықша ден қойыла бастағанына куә болдық. Егеменді ел ретінде түрлі халықаралық жарыстарға қатысып, елеулі табыстарға жетіп, еліміздің көк туын желбіреткен кездер де аз болмады.

Тағы бір ерекше атап өтетін жәйт – 2021 жылдан бастап дене шынықтыру сабақтарына ұлттық спорт түрлері міндетті түрде енгізілді. Қазір оқушылар арасында «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ» пен «Асық ату» сияқты халқымыздың ежелден келе жатқан спорттық ойындары кеңінен танылды. 2021 жылы 57 мың адам ұлттық спортпен айналыса бастаса, қазір елімізде төл спорт түрлерімен шұғылданатын адамдар саны 500 мыңнан асты. Спортқа ынталандыру үшін түрлі жарыстар ұйымдастыру ұтымды әдіс болып есептеледі. Ол әр адамның қызығушылығын ғана арттырып қоймайды, сонымен қатар өз күшін бағалап, жоғары жетістіктерге жетуге ұмтылдырады. Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жыл сайын оқушылар мен студенттер арасында спорттық лигалар өткізіліп отырады. Ұлттық мектеп лигасының сайыстары баскетбол, волейбол, гандбол, футбол, футзал, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, үш адамдық баскетбол, асық ату, бес асық, жеңіл атлетикалық кросс сияқты 10 спорт түрі бойынша өткізіледі. Бұл жарыстарға 1,5 млн-нан астам оқушы қатысады.

Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында өңірде соңғы 5 жылда 45 спорттық нысан бой көтерген. Мәселен, 2019 жылы Түркістан қаласында «Олимпиадалық резервін дайындау орталығы», 2020 жылы UEFA-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған «Turkistan Arena» стадионы қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, 2021 жылы «Olympic Center» спорт кешені ашылса, 2022 жылы халықаралық теннис орталығы ел игілігіне тапсырылды. Елімізде теңдесі жоқ орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап және балалар ойын алаңы бар.

Бүгінде Түркістан қаласы спорт орталығына айналып келеді деуге әбден негіз бар. Сөзіміздің бір дәлелі – Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысу үшін мүмкіндік жасалып отыр. Мұз сарайының құрылысы таяуда аяқталды. Спорт кешені 1200 көрерменге арналған, 30×60 метр көлеміндегі мұз айдынында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, балалар арасында шорт-трек сайыстарын тамашалауға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде қайта құру жұмыстары жүргізіліп таяуда пайдалануға берілді, олимпиадалық үлгідегі ескек есу каналы бағытындағы спорт кешені бой көтеріп жатыр. Бұдан бөлек, өңірдегі аудандарда демеушілер, жеке кәсіпкерлер немесе ауыл тұрғындары тарапынан спорттық кешендер, футбол алаңдары, стадиондар, жаттығу және күрес залдары, жабық спорт кешендері қолданысқа берілген. Жалпы, өңірде тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қазіргі таңда облыста спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл өңірдегі халықтың 39 %-ын құрап отыр.

Облыс әкімінің бұқаралық спортты дамыту, халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту және салауатты өмір салтын насихаттау тапсырмасына сәйкес, Келес ауданында да бірқатар оң өзгерістер орын алып келеді. Бес жыл көлемінде аудан аумағында 9 кіші футбол алаңшалары ел игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар, биыл Абай ауылында тағы бір жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. Аталған нысанның құрылысы 2024 жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ спорт саласын дамыту мақсатында түрлі спорттық сайыстарда аудан жастары облыста және әлемдік ареналарда намысты додаға түсіп, ел мерейін арттыруда. Келестік спортшылардың қатарында 19 жасар Санжар Ташкенбай биыл бокстан әлем чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ еркін күрестен Есенгелді Асылжан қатысып, Қазақстан чемпионатынан І-ші орын алып, намысты қолдан бермей келеді.

Тұрғындарды спортқа баулу үшін алдымен спорт мекемелерінің базасы жақсы болуы керек. Содан барып спортқа қызығушылық танытатын тұрғындардың саны арта түсуі анық. Түркістан облысында 59 спорт түрі бойынша 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 72 спорт мекемесі бар. Онда жалпы саны 51 мыңнан астам спортшы тіркелген.

Өңірде өткен жылдың қорытындысы бойынша 4643 спорт ғимараты жұмыс істеді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар. Биылдың өзінде Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп-интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы  үлгідегі спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарда бар.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі. 

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқа­ралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған ке­шенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қау­лысымен бекітілгені мәлім. Осы жос­парға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі аясында балалар мен жасөс­пірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 59 рет