«Жерлестеріміздің ел чемпионатында топ жарып, аудан абыройын асқақтатқаны — біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл — тек спортшы мен бапкердің ғана емес, бүкіл Созақ халқының жеңісі. Әркез спортшыларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, еңбектері мен жетістіктерін ескеріп отырамын. Алдағы уақытта халықаралық ареналарда да ел намысын абыроймен қорғап, сәттілік серік болсын!” — деп, өз лебізін білдірді. Сондай-ақ, жас спортышы мен бапкеріне арнайы алғыс хат пен сый-сияпаттар табыс етіп, құрмет көрсетті.
Айта кетейік, еркін күрестен ел чемпионаты сәуір айының 2-12 күндері аралығында Қарағанды қаласында өтті. Жарыста Түркістан облысының намысын қорғаған созақтық спортшы Мақсұт Ахмет 85 келі салмақта өнер көрсетті. Бұл салмақта 24 балуан өзара сынға түсіп, мықтыны анықтады. Мақсұт Ахмет алғашқы кездесуінде Алматы облысының спортшысын, ширек финалда Астана қаласының өкілін, ал ақтық сында Жетісу облысынан келген қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Қазақстан чемпионы атанды.
Жас чемпион алдағы уақытта Азия чемпионатында ұлттық құраманың сапында ел намысын қорғайтын болады. Мақсұт Ахметтің бапкері – Созақ аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқу-ісі жөніндегі орынбасары, тәжірибелі жаттықтырушы Бейсембаев Бақытжан. Ол осыған дейін де әлемдік жарыстарда топ жарған бірнеше чемпионды тәрбиелеген білікті маман ретінде танымал.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат