Дүйсенбі, 26 Мамыр 2025 17:54

Созақ төрінде қазақ күресінен ел чемпионаты өтті

Созақ ауданының орталығында орналасқан «Орталық саябақта» Қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Түркістан облысы мен Созақ ауданының Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбекұлының 85 жасқа толуына орай қазақ күресінен 90+ салмақта ерлер арасында ел чемпионаты өтті.

Аталмыш додаға еліміздің барлық өңірлерінен 28 палуан қатысып, бозкілем үстінде бақтарын сынады. Бұған дейін түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүрген апайтөс палуандар бұл жолы да мықтыны анықтау үшін бар шеберліктерін көрсетті.

Жарыстың финалдық белдесуінде Жамбыл облысының палуаны Ғалымжан Қырықбаев пен Түркістан облысының палуаны Әбдіғали Бибарыс күш сынасып, нәтижесінде жамбылдық балуан Ғалымжан Қырықбаев қарсыласынан басым түсіп, түйе палуан атағын жеңіп алды. Бас жүлде ретінде жеңімпазға Changan CS55 Plus маркалы су жаңа автокөлік табыс етілді. Сонымен қатар жүлдегерлерге де қомақты қаржылай сыйлықтар үлестірілді.

Шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов және Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді. Ұлттық спорттың ұрпақтар сабақтастығындағы орны мен маңыздылығына тоқталды.

Қоғам қайраткері, Түркістан облысы мен Созақ ауданының Құрметті азаматы, туған ел мен жер мүддесіне адал қызмет еткен Сексенбай Тұрысбекұлының 85 жасқа толуына орай ұйымдастырылған мерейтойлық шаралар орталық ипподромда жалғасын тапты. Ұлттық ат спортына арналған тай, құнан, тоқ бәйге және аламан бәйге сынды дәстүрлі жарыстар өтті. Тай мен құнан бәйгесіне тек Созақ ауданының тұлпарлары қатысса, тоқ бәйге мен аламан бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген сәйгүліктер бақ сынады.

 

Тай және құнан бәйгелерінің жеңімпаздарына — Chevrolet Monza автокөлігі, тоқ бәйге мен аламан бәйге жеңімпаздарына — Changan CS55 Plus маркалы жаңа темір тұлпар табысталды. Сонымен қатар, 5-ші орынға дейін қомақты қаржылай сыйлықтар үлестірілді. Аламан бәйгенің жүлдесін облыстық мәслихат депутаты, шараны ұйымдастырушы Мағауия Тұрысбеков табыстады. Өзге жүлделерді еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Аманғали Аймұрзаев және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов табыс етті. Мерекелік шара соңында Түркістан облысының Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбекұлы барша жиналған жұртшылыққа ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 40 рет