Шымкенттегі Халықаралық деңгейдегі жаңа ипподромда ұлттық спорт түрлері бойынша ірі жарыстар, «Наурызнама» онкүндігі аясында көпшілік іс-шаралар ұдайы өткізіліп келеді.
2024 жылдың шілде айынан 2025 жылдың шілде айына дейін қалада 359 өңірлік, республикалық және халықаралық спорттық іс-шара өтіп, 75 528 адам қамтылған. Атап айтқанда, биыл 13-17 наурыз аралығында дәстүрлі садақ атудан «ZHAKSYKUL MERGEN CUP» Азия Кубогы бәсекесі жалауын желбіретті. Жарысқа Қырғызстан, Ресей, Монғолия, Қытай, Өзбекстан елдерінен және республика өңірлерінен жалпы 100-ге спортшы қатысты. Нәтижесінде қала спортшылары 1-қола медальға қол жеткізді.
Наурызда Шымкент қаласы бәйгеден Қазақстан Республикасы Чемпионатының іріктеу турнирін қабылдады. Аталған іс-шара «Наурызнама» 10 күндігі аясында ұлттық спорт түрлерін дәріптеу мақсатында өткізілді. Сайысты 3000-ға жуық адам келіп тамашалады. Одан басқа, қыз қуу, теңге ілу, көкпар, аударыспақ спорт түрлерінен жарыстар қала тұрғындарына керемет әсер сыйлады.
Сәуір айында таэквондо ИТФ спорт түрінен Азия Кубогына жалпы 7 мемлекеттен (Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь және еліміздің өңірлерінен) 850-ге жуық спортшы қатысып, Шымкент қаласының өкілдері 7 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды.
24-25 сәуір күндері грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында Ауған соғысында құрбан болған жауынгерлерді еске алуға арналған Ашық Республикалық турнир өткізілді. Жарыста Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен спортшылар бақтарын сынап, өңір спортшылары 2 алтын 2 күміс 1 қола медальға ие болды.
1 мамыр күні Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге дайындық шеңберінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Бірлік» жарысы өтті. Іс-шарада жалпы 600-ге жуық ұлт өкілі жүгіруге қатысты.
12-24 мамыр аралығында теннистен Junior Billie Jean King Cup Final және Juniors Devis Cup Final Qualifing турнирі де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аталған турнирге Қазақстан Республикасының өңірлерінен, Аустралия, Қытай, Тайпей, Гонгконг, Үндістан, Индонезия, Иран, Жапония, Корея, Қырғызстан, Малайзия, Жаңа Зеландия, Филиппин, Тайланд, Өзбекстан елдерінен 80 спортшы шеберлік байқасты. Жарыстың нәтижесі бойынша Қазақстан қыздар құрама командасы 4-ші орынды иеленіп, әлем чемпионатына жолдама алды.
27 – 29 мамыр аралығында Жеңілатлетикалық манеж спорт кешенінде дзюдодан «Shymkent OPEN» ұлдар мен қыздар арасында Ашық турнирін тамашаладық. Дәстүрлі турниге республика өңірлерінен, Өзбекстан, Моңғолия елдерінен 400-ден аса спортшы қатысуға өтінім берген. Шымкент қаласының спортшылары 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медаль еншіледі.
29 мамыр күні қазақтың атбегілік өнерін насихаттау және «1 – маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне» арналған «Таутұмар» іс-шарасы өкізілді. Іс-шараны 2000-ға жуық адам тамашалап, жеңімпаз демеушілер есебінен марапатталды.
4-6 маусым аралығында өткен теңге ілуден ересектер арасында Әлем чемпионаты қала спортшылары екі стиль бойынша 2 алтынды жеңіп алды. Бес белес стилінен – Азат Түлкібай, жеті құт стилінен – Бақыт Төлтай топ жарды. Екеуі де Шымкент қаласы Ұлттық спорт клубының спортшылары.
Сонымен, екінші жартыжылдықта да қалада бірқатар ірі спорттық жарыстар жоспарланып отыр. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, тамыздың 16-30 күндері стенд және нысана ату спорт түрлерінен Азия чемпионаты өтпек. Аталған жарысты Қазығұрт елді мекенінде орналасқан «Shymkent Shooting Plaza» ату кешені қабылдайды. Құрлық чемпионатына 40 елдің өкілдерінен мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. 11 шілде күнгі мәлімет бойынша 25 мемлекеттен 650 спортшының қатысатыны туралы тапсырыс берілген. Қазіргі таңда кешенде жарысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде.