Жаңа футбол стадионы, «Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт кешені», жеңіл құрастырмалы модульді спорттық нысандар және Тұран шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Орталық су спорт кешені», «Мұз сарайы» және Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің спорттық ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. FIFA талаптарына сәйкес келетін сыйымдылығы 35 мың адамды құрайтын жаңа футбол стадионының құрылысы да қолдау тапқан.
Сонымен қатар, «Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт кешені» құрылысы алдағы екі жылда бітуі тиіс. Еңбекші ауданыны, Қарабастау, Бадам елдімекеніндегі 2 жеңіл құрастырмалы модульді спорттық нысанның құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Қажымұқан атындағы орталық стадионының футбол алаңы мен жеңіл атлетикалық жолағына да жөндеу жұмыстары жасалмақ.
Қала тұрғындары үшін спорттық инфрақұрылым жетілдіріліп, шалғайдағы елді мекендерде жаңа спорт нысандарының құрылысы жүзеге асырылмақ. Қазіргі уақытта, қала орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерді спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жер телімдерін қарастырып, заңдастыру жұмыстары да жүргізілген.
Биыл алғашқы екі айдың өзінде қала спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, 206 жүлделі орындардан көрінген. Соның ішінде ел чемпионаттарында 52 алтын, 60 күміс, 88 қола жүлде алса, Азия чемпионаттарында 1 күміс, 1 қолаға иелік етіпті. Ал әлем чемпионаттарында жерлестер 4 алтын медаль тағынған. Жыл басында Алматы қаласында өткен фристайл акробатикадан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Дінмұхаммед Райымқұл тұңғыш рет Әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ, Италияның Турин қаласында XXXII қысқы Универсиадада Айбек Темірхан шорк-тректен ерлер құрамасында 5000 метрлік эстафетаға қатысып, қола жүлдеге ие болды. Биыл ақпан айында Үндістанның Нью-Дели қаласында қазақ күресінен әлем чемпионаты өтті. Қазақстан Ұлттық құрама сапында өңірдің 3 спортшысы өнер көрсетіп, 3 спортшы да Әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Айта кетсек, былтыр 2 Қазақстанның еңбегі сіңген жаттықтырушысы, 20 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 92 Қазақстанның спорт шебері, 797 спорт шеберлігіне үміткер спортшылар дайындалған.