Кездесу барысында бірқатар шағынаудандардың тұрғындары спорттық нысандарға қатысты өз ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, Бозарық шағынауданының тұрғыны Нұрлан Уткелбаев ауданда спорт кешенінің жоқ екенін атап өтті. Азат шағынауданының тұрғыны Мақсат Тоғызбаев та өз ауданында заманауи спорт кешенін салу қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданының тұрғыны Қарлығаш Рахиева Орталық саябақта спорттық іс-шаралар өткізу қажеттігін айтты.
Қала басшысы бұл ұсыныстарға назар аударып, тиісті тапсырмаларды Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына, сондай-ақ аудан әкімдіктеріне жүктеді.
Бүгінде Бозарық шағынауданында заманауи спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жоба мақұлданған соң құрылыс жұмыстары 2026–2027 жылдарға жоспарланған.
Азат шағынауданында спорт кешенін салуға арналған жер телімін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Бұқаралық спортты кеңінен насихаттау және тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Орталық саябақта шахматтан қалалық турнир өткізу жоспарланып отыр. Аталған іс-шараға түрлі жастағы қала тұрғындары мен ардагерлер қатысып, зияткерлік бәсекеде бақ сынайтын болады.
Айта кетсек, былтыр 2 Қазақстанның еңбегі сіңген жаттықтырушысы, 20 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 92 Қазақстанның спорт шебері, 797 спорт шеберлігіне үміткер спортшылар дайындалған.
Биыл алғашқы екі айдың өзінде қала спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, 206 жүлделі орындардан көрінген.