Сенбі, 09 Қараша 2019 21:55

Түркістан: облыстық ашық турнир басталды

Отырарда баскетболдан 2004-2005 жылғы жасөспірімдер ұлдар мен қыздар арасында ұлағатты ұстаз, белгілі бапкер Талғат Рахмет атындағы облыстық ашық турнир басталды. Биыл он бірінші рет өтіп отырған дәстүрлі турнирге облысымыздан жалпы саны жиырмаға жуық команда қатысуда.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов жарысқа қатысушыларды шын жүректен құттықтап, спортшыларға толағай табыс тіледі.  Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің дәстүрлы Жолдауында Қазақстан халқының кемінде 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы тиіс десе, Президентіміз Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында спорттың салауатты өмірді қалыптастырудағы рөлін ерекше айта келе елімізді 100 спорт кешенін салу жөнінде тапсырма бергендігін атап өтті.

Сондай-ақ шарада ізгі тілегін білдірген аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Ермек Ташов, жоғарғы санаттағы жаттықтырушы, турнирдің бас төрешісі Оразхан Айдаров, Ордабасы ауданының спорт ардагері Бегалы Жүністер салауатты өмір салтын ұстанған ұлт қана бәсекеге қабілетті болатындығын баса айтып, спортшыларға сәттілік тіледі. Талай жастың жолын ашып, шеберлігін шыңдаған белгілі бапкер Талғат Ақтайұлының көптеген шәкірттері обылыс құрама командасына еніп, байрақты бәсекелерде атой салғанын білеміз. Бұл турнирдің де негізгі мақсаты - ел ішіндегі жас таланттарды таныту, шеберлігін шыңдау болса керек. Жарыс екі күнге созылады. Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдешерлеріне грамоталар, естелік медальдар және арнайы кубоктар табысталады.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 847 рет