Сейсенбі, 19 Қараша 2019 05:17

Түркістан облысы: Жетісай ауданының өрені көрші елден жеңіспен оралды

2019 жылы қараша айының 16-17 күндері аралығында Өзбекстан Республикасы Жыззақ облысы, Мырзашөл ауданының Гагарин қаласында грек-рим күресінен аудан әкімінің жүлдесіне арналған Республикалық ашық турнир болып өтті. Көршілес Мырзашөл өңіріндегі дүбірлі додаға Жетісай ауданының №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары қатысып келді. 

Республикалық турнирге Өзбекстан Республикасының 12 облысынан және Қазақстан Республикасынан жалпы 300 спортшы қатысты. Ашық турнирде аудан спортшысы +50 кг салмақтағы Райымбек Тұрсын ауданның абыройын асқақтатып, жүлделі I орынға қол жеткізді.

"Кез келген жеңіс оңайлықпен келмейді. Бұл турнирге барардан алдын көп дайындық жасадым. Іштей жеңімпаз болатыныма сеніп бардым. Бар мақсатым Қазақстанның, қала берді Жетісай ауданының атын абыроймен қорғау еді. Алла сәтін салып, жеңістің биік тұғырынан көріндім. Бұл менің ғана емес, Жетісайдың жеңісі" - дейді Райымбек Тұрсын.

Жас жеңімпаз болашақта әлем және олимпиада чемпионы болсам деген арманы бар екенін және сол жолда аянбай тер төгетінін айтып өтті.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 845 рет