Сейсенбі, 12 Қараша 2019 20:20

Түркістан облысы: «Арыс» футбол командасы Бірінші лигаға өтті

Футболдан Қазақстан біріншілігінің Екінші лигасында өнер көрсеткен «Арыс» командасы биылғы маусымды жақсы нәтижемен аяқтады. Келер жылы Түркістан облысының намысын Бірінші лига клубтары қатарында қорғайтын болады.

Жергілікті жанкүйерлердің ыстық ықыластарына бөленген «Арыс» командасының құрылғанына көп бола қоймаса да биылғы біріншілікте 67 ұпаймен екінші орында тұрақтады. Нәтижесінде, келесі жылы Түркістан облысының намысын футболдан Бірінші лига клубтары арасында қорғамақ. Облыс спортының басшысы Полат Қырықбаев Арыстағы орталық стадионның инфраструктурасы қайта жаңарып, арыстықтардың үлкен биіктерді бағындыруларына келешекте де барлық жағдай қарастырылатындығын жеткізді.

Жасыл алаңда жасындай жарқылдаған жастардан құралған команда сапында Аманжол Абдірахман, Мерей Мәуіз, Арман Әліпбек, Асанәлі Әділ сынды жастар бар. Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек жанкүйерлерді жеңістерімен қуантқан «Арыс» футбол командасының болашағы жарқын екендігіне сенім білдірді. 

Дүние жүзі бойынша кең тараған спорт түрі –футболды өңірімізде дамыту күн тәртібінен түскен емес. «Арыс» футбол командасының директоры Ерғазы Медетбеков келесі жылы да құрамаға талантты жергілікті жастарды көптеп шақыратындығын жеткізді. Білікті бапкерлер мен футбол саласының мықты мамандары жаттықтыратын командаға сәттілік серік болғай.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 1135 рет