Дүйсенбі, 11 Қараша 2019 20:47

Түркістан облысы: Төлеби ауданындағы спорт базасында чемпиондар жаттығады

Түркістан облысында ауыр атлетика спортын насихаттау және дамытуға жағдай жасалып жатыр. Төлеби ауданында замануи үлгідегі спорт академиясы ашылды. Спорт кешенінде Қазақстанның ауыр атлетикадан құрама командасы жаттығады. 

«Алма-тау» демалыс аймағында спорт академиясының ашылу салтанатына еліміздің белгілі жаттықтырушылары мен спортшылары, Федерация, жергілікті билік өкілдері қатысты. Олар ауыр атлетикамен айналысуға мол мүмкіндік сыйлаған демеушілерге алғысын жеткізді. «Бұл спорт кешені ауыр атлетикаға арнайы салынғаны бізді қуантады. Енді мұнда әлемдік деңгейдегі сайыстарды ұйымдастыруға болады. Есесіне, біздің спортшылар алаңсыз барлық күш-жігерлерін жеңіске жетуге жұмсайды» - дейді Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков.

Олимпиада чемпионы Илья Ильин Төлеби ауданында ашылған спорт кешенінде келер жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жаттығуды жүргізеді. Ауыр атлетика спорт түрін дамытуға арнайы салынған кешенде Қазақстанның құрамасы халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындалады. Зіл темір көтеруге арналған құрал-саймандар әлемдік стандарттарға сай.

«Зал керемет, спорт кешені халықаралық талаптарға сай. Қостанай мен Алматыдағы спорт нысандарынан кем емес. Шымкентке жақын орналасқан табиғаты бізге қолайлы. Төлеби ауданындағы спорт базасында 2020 жылы Токиода өтетін олимпиада ойындарына дайындаламыз. Өйткені мұнда жаттығу үшін барлық жағдай жасалған. Ауыр атлетшілерге сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік туғызған демеушілерге алғысымыз шексіз» - дейді Илья Ильин.

Спорт саласын дамытуға үлесін қосқан кәсіпкер Шыңғыс Әбдиев ауыр атлетикаға арналған кешеннен бөлек келешекте өңірімізде Қазақстанда баламасы жоқ фристайлмен айналысатын база салуды қолға алмақ. «Фристайл спортына қолдау көрсету мақсатында жобаны жүзеге асырмақпыз. Осы мақсатта Беларуссияда болдым. Польшада фристайл базасы жақсы дамыған. Біздің фристайлшыларымыз жеңіске жетті. Сол үшін оларға барлық жағдайды жасауымыз қажет» - дейді кәсіпкер.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 635 рет