Бейсенбі, 14 Қараша 2019 19:26

Түркістан облысы: Еліміздің ауыр атлеттері Шардарада бақ сынады

Шардара ауданының құрылғанына 55 жыл толуына байланысты ауыр атлетикадан жастар арасында Түркістан облысының ашық кубогі басталды. Оған еліміздің түпкір-түпкірінен зілтеміршілер қатысып жатыр. Бұл сайыс өңірдегі спорттың осы түрін әлемдік аренаға алып шығуға негіз болмақ. 

Шағалалы Шардара ауданының талантты спортшы ұл-қыздары бүгінде тәуелсіз елімізді әлемге танытып келеді. Олимпиада бағдарламасына енген ауыр атлетика Түркістан  облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаевтың бастамасымен ауылды жерлерде де дамып келеді. «Бүгінгі байрақты бәсеке соның бір дәлелі болса керек. Атақты қазақстандық, ауыр атлетикадан әлем чемпионатының бірнеше  дүркін және олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Илиннің жолын жалғастырып келе жатқан қаракөздеріміздің қатары көп», – деді облыс спортының басшысы Полат Наурызбайұлы. Басқосуда әлем чемпиондарын құттықтап, мемлекетіміздің мерейін үстем етуде жерлестерімізге сәттілік тіледі. Төртжылдықтың басты спорт додасы олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан көптеп медальдер жиынтығы сарапқа салынады. Бес құрлықтың ең талантты атлеттері арасында жарыс қыза түседі. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Арман  Қарсыбаев жетекшілік ететін облыстық №4 олимпиада спорт мектебінің шәкірттері бұл жарыста да көш бастап келеді.

2003 жылғы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өтіп жатқан бұл жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 138 спортшы қатысуда. Атырау, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Тараз қаласы мен Шардара, Арыс, Сайрам аудандарынан командалар да бақ сынауда. Облыстың намысын қорғап жатқан Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалар спорт мектеп интернатының ізбасарлары да бар. Жеңімпаздар  республикалық турнирге жолдамаалады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 556 рет