Жұма, 15 Қараша 2019 23:55

Түркістан облысы: Арыс қаласында Ұлттық валюта күніне орай спорт жарысы ұйымдастырылды

Егемен елдің ажырамас айғағы ретінде ұлттық валютаның айналымға енуі қоғам өміріндегі аса маңызды оқиға болды. Бұл Қазақстан Республикасының дамудың дара да даңғыл жолына түскендігін көрсетті. Ұлттық валютаның пайда болуы нарықтық қарым-қатынастың дамып, тиімді банк жүйесінің қалыптасуына тың серпін берді. Бүгін орталық стадионда «Ұлттық теңге» күніне орай, Түркістан облысы қаржы басқармасы мен Арыс қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қаржы қызметкерлері арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылып өткізілді. 

Мерекелік іс-шараны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев құттықтау тілектерімен ашып, қала әкімі Мұрат Қадырбек жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сайысқа облыс, қала, аудандардан және басқармалардан жалпы 19 команда қатысып, олар футбол, дойбы, стол теннисі және тоғызқұмалақтан өзара сайысқа түсті. Жарыстың қорытындысына сәйкес, Созақ ауданы бірінші орынды қанжығасына байласа, екінші орынды Қазығұрт ауданы, ал үшінші орынды облыстық тексеру комиссиясы иеленді. Жеңімпаз командалар бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 602 рет